Саясат

Зектілері

"Бұның бәрі - ақша табудың "заңды" жолы": депутат МӘМС жүйесін сынға алды

Жарияланған күні:

Асхат Аймағамбетов
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов. Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Үкімет сағатында мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов МӘМС-тің қазіргі моделін сынға алды. Депутат медицинаның халыққа қолжетімсіз болып тұрғанын, ал шығынның шектен шығып кеткенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, үкімет мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына, тек оның салдарымен ғана күресіп жатыр.

"Жүйелі реформалар орнына – уақытша шаралар. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр", - деді депутат.

Асхат Аймағамбетова МӘМС-тің тиімсіз жұмсалатынына бірнеше мысал келтірді.

"МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай: тағы бір адамның 82 тісі емделген және соған қаражат төлесін деп клиника Қордан ақша сұраған. Тағы бір кейіс – бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге?", - деп сұрақ қойды Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, бұл сұрақтың жауабы – МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен "қосып жазуға" итермелейді, себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес.

"Тағы бір дәлел – бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Кейін рентген қолданыла басталды. Жарайды. Дұрыс. Ал қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың "заңды" жолы. Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым көп пайда табады.

Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген ойда қаласың", - деді депутат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2215452-bunyng-bari-aqsha-tabudyng-zangdy-zholy-deputat-mams-zhuiesin-synga-aldy/