"Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмысы баяу жүріп жатыр": үкімет мүшелері Тоқаевтан ескерту алды
Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетіне ескерту жасады. Президент ірі өнеркәсіп орындарын ашу жұмысы баяу жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы арнасында.
"Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанмын.
Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен екенін атап өтті. Президент дәл осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тарту қажет дейді. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық беру жөнінде айтты.
Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды.
Президент парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз етуді тапсырды.
"Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет", - деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2215719-iri-onerkasip-zhobalaryn-iske-qosu-zhumysy-baiau-zhurip-zhatyr-ukimet-musheleri-toqaevtan-eskertu-aldy/