Саясат

Зектілері

"Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс": Тоқаев МӘМС-ке қатысты тапсырма берді

Жарияланған күні:

МӘМС үшін аударым жасап отырған адам.
МӘМС үшін аударым жасап отырған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауды тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет.

"Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатпағынын айтты.

"Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту" ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ.

Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын", - деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2215848-quzhat-osy-sessiianyng-songyna-deiin-qabyldanuga-tiis-toqaev-mams-ke-qatysty-tapsyrma-berdi/