Депутат көлігін 5 минуттан артық қыздырғандарға салынатын айыппұлды қайта қарауды ұсынды
Жарияланған күні:

Депутат Нартай Сәрсенғалиев мәжілістің жалпы отырысында автокөлікті 5 минуттан артық қыздыруға салынатын айыппұлға қатысты пікірін айттты. Оның сөзінше, аталған қаулы ақылға сыймайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нартай Сәрсенғалиев бұл мәселені премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға қойған депутаттық сауалында көтерді.
"Көлік туралы айтқанда қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға болмайды деген ақылға томпақ талаптан аттап кете алмаймын.
Бұл 20 жылдан астам уақыт бұрын үкімет бекіткен шешім. Бірақ аталған қаулының қате екеніне бәріміздің көзіміз жетіп отыр, қоғамда қатаң сынға алды. Қақаған қыста автокөлігін 5 минуттан артық оталдырған азаматтарды қазір біреулер бейнетаспаға түсіріп салдарынан құзырлы орындар айыппұл салып жатыр. Бұл ақылға сыймайтын шешім, себебі сарышұнақ аязда көлікті қыздармасаң темір тозады, көлік бұзылады, оны жөндеп шығынға бататын баяғы бұқара халық.
Бұл турасында бір ғана ұсыныс бар, автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу қайта қарау керек", - деді депутат.
Ол көлік оталып тұрғаннан экологияға зиян келеді дейтіндер болса алдымен ауаға тонналап зиянды қалдық тастайтын зауыттар мен аспаннан қара қар жаудыратын мекелерді тәртіпке салу керегін айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін министрлер кабинетінде өткен брифингте экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұлға қатысты көзқарасын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2216253-dereu-qaita-qarau-kerek-deputat-avtokolikti-5-minuttan-artyq-qyzdyrgandarga-salynatyn-aiyppuldy-alyp-tastaudy-usyndy/