Қорғаныс министрі кәсіпкерлермен жасалатын келісімшарттар мерзімін ұлғайтуды ұсынды
Жарияланған күні:

Алматыда өткен қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының III конференциясында қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мен орындаудың басымдықтарын айқындап, кәсіпкерлермен жасалатын келісімшарттар мерзімін үш жылға дейін ұлғайтуды ұсынды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кәсіпкерлердің пікірінше, келісімшарттың бір жылдық мерзімі күрделі жұмыстарды, жоғары технологиялық тапсырыстарды орындау үшін жеткіліксіз. Іс жүзінде олар көптеген компонентті жеткізуді талап етеді, ал қазіргі кезде логистикаға қатысты мәселелер келісімшарт талаптарының бұзылуына әкеледі.
Қорғаныс министрі жасалатын келісімшарттардың мерзімін үш жылға дейін ұлғайтуды қарастыруды ұсынды, сонымен қатар ол мемлекеттік орган мен қорғаныс-өнәркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының отандық өндірісті дамыту және жалған кәсіпкерлік, жасырын импорт пен бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтауға күш-жігерді біріктіруге шақырды.
"Бүгінде қорғаныс-өнеркәсіп саласында 120-дан аса компания бар, дегенмен олардың барлығы нақты өндірушілер емес. Олардың біразы өнім шығармай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қаржы алуды көздейтіндер", – деді ол.
Қорғаныс министрінің пікірінше, бұл мәселені құрамында Қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура, Қазақстан Қаржы мониторингі агенттігі және "Атамекен" ҰКП өкілдері бар комиссия құру арқылы шешуге болады. Бұл комиссия өзін әскери мақсаттағы өнім өндірушілер ретінде көрсететін кәсіпорындарды тексереді. Одан өзге министр, шетелден технологияларды сатып алу кезінде де өндірісті одан әрі оқшаулау Қазақстанда болуға тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар қорғаныс ведомствосының басшысы Семей танк жөндеу зауытының базасында кластер құру қажеттігін мәлімдеді.
"Өндіріс орны бронды танк техникасын ғана емес, қару-жарақты, артиллериялық жүйелерін, трансмиссиялардың күштік қондырғыларын жөндеуге де мамандануға тиіс. Мұның бәрі орындалуы керек", – деді министр.
Конференция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарының қауымдастығы отандық қорғаныс саласын дамытудың бірыңғай стратегиялық тұғырнамасын әзірлеу үшін бірлескен комиссия құруға шешім қабылдады.
Қорғаныс министрі қауымдастық мүшелері көтерген барлық мәселе өзекті болып табылатынын атап өтіп, бағаны реттеу мен келісімшарттардың мерзімдерін ұзарту жөнінде бірқатар тапсырма беретінін алға тартты. Сондай-ақ ол Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері кіретін жұмыс тобы шеңберінде барлық проблеманы шешуге болатынына сенім білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылғы 13 ақпанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" президент жарлығының қабылдануымен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру міндеттері Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2225166-qorganys-ministri-kasipkerlermen-zhasalatyn-kelisimsharttar-merzimin-ulgaitudy-usyndy/