Саясат

Зектілері

Тоқаев Түркістан облысының жаңа әкіміне бірқатар міндет жүктеді

Жарияланған күні:

Нұралхан Көшеров
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ақорданың ресми сайтының хабарлауынша, кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.

Облыс әкімі ирригация нысандарын қайта қалпына келтіру үшін Ислам даму банкінен қаржы тартылып жатқаны жөнінде мәлімет берді. Қазіргі кезде 135,5 млрд теңгеге 24 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Бұдан бөлек Түркістан қаласын және жақын маңдағы алты ауданды сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында "Бәйдібек ата" су қоймасының құрылысы жүргізіліп, "Боралдай" су қоймасының жобасы әзірленіп жатыр.

Нұралхан Көшеровтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында мақта, жүгері және ет кластерлерін дамытуға айрықша мән беріледі. Атап айтқанда мақта-тоқыма кластерінде құны 197 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Сонымен қатар Жүгері-сірне зауытының құрылысы басталып, Австралия тәжірибесіне сай ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту қолға алынды.

Бүгінгі таңда энергетика тапшылығын шешу мақсатында жалпы қуаты 2,4 ГВт-ты құрайтын алты жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар индустриялық аймақтарды қажетті инфрақұрылыммен қамту үшін тиісті жұмыстар атқарылады.

Нұралхан Көшеров биыл өңірде 32 мектеп салынып, 41 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 32 нысан пайдалануға беріліп, 45 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жаңа басшысына кеше қол қойылған "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды.

Сонымен қатар президент облыс тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту, туризм, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарын дамыту, елді мекендерді ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.

Еске сала кетейік, 6 қаңтарда Нұралхан Көшеров Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.

Қазіргі облыс әкімдерінің ішіндегі ең жас әкім саналатын Көшеров осыған дейін, яғни 2023 жылдың қаңтарынан бастап Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған. Одан бұрын Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылымында жұмыс істеді. Атап айтқанда, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларындағы мемлекеттік кірістер басқармаларында басшылық қызмет атқарды.

Көшеров экономист, қаржыгер және заңгер мамандықтары бойынша жоғары білім алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2225391-toqaev-turkistan-oblysynyng-zhanga-akimine-birqatar-mindet-zhuktedi/