Саясат

Зектілері

"Трамптың шешімін құптаймыз": Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: akorda.kz

Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз.

Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді", - дейді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады.

"Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық.

Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді.

Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды", - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Бірқатар нысанның жұмысымен танысқан президент жергілікті қауым алдында сөз сөйледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2235048-zardabyn-barlyq-el-tartady-toqaev-alem-betpe-bet-kelip-otyrgan-zhanga-syn-qaterlerge-qatysty-pikir-bildirdi/