Мәулен Әшімбаев өңірлерді өркендету туралы: жаңа өндіріс орындарын дамыту аса маңызды
Опубликовано:

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысының жұртшылығымен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және дарынды жастарымен кездесті. Кездесулер барысында мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және өңірді дамыту мәселелері және палатаның мәслихаттармен бірлескен жұмысы талқыланды.
Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен кездесуде ел президентінің бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асырудың маңызды екенін айтып, заңнамалық саладағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар айқындалды. Мұның бәрі – Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру үшін қолға алынған кешенді бастамалар. Мемлекет басшысы белгілеп берген осы міндеттерді сапалы іске асыру жолында сенаторлар мен мәслихат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылы мен бірлескен жұмысын әрі қарай жалғастырудың маңызы зор", – деді сенат Төрағасы.

Өңірдің креативті жастарымен кездесуде білімді жас буынның елді жаңғырту үдерісіндегі рөліне және олардың бойына жасампаз құндылықтар мен өршіл идеяларды сіңірудің маңызына баса мән берілді.

"Қазақстан әділет үстемдік құратын заманауи әрі қуатты мемлекетке айналуы керек. Бұл мақсатқа жастардың қатысуынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Себебі, даму үшін тың идеялар, жаңа көзқарас пен сарқылмас күш-қайрат керек. Сондықтан жас буынның тұлға болып қалыптасуына жағдай жасап, олардың бойына өзін өзі дамыту, үздіксіз білім алу, талдау жасау, эмоционалдық интеллекті шыңдау сияқты қабілеттерді дарыту қажет. Бұл ретте дұрыс құндылықтарға және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған "Адал азамат" тұжырымына табан тіреу айрықша мәнге ие", – деген палата спикері жастарға сенаттың заң шығару қызметі мен оның негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Сонымен қатар сенаторлар озық білім беру бағдарламалары бойынша оқытатын AQBOBEK дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына барды. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға арналған "Қамқорлық" оңалту орталығының және "Зерде-Керамика Ақтөбе" керамогранит зауытының еңбек ұжымдарымен кездесті.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2246916-maulen-ashimbaev-ongirlerdi-orkendetu-turaly-zhanga-ondiris-oryndaryn-damytu-asa-mangyzdy/