Конституциялық комиссияның құрамына кім кірді және ол немен айналысады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Кеше, 21 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Оның құрамына кім кіргені және комиссия немен айналысатыны белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия (Конституциялық комиссия) – Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган.
Комиссияның міндеті – Конституциялық реформа бойынша ұсыныстар тұжырымдау.
Комиссияның төрағасы – Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы.
Сондай-ақ Ақорда комиссия құрамын жариялады. Оған мына тұлғалар кірген:
- Әзімова Эльвира Әбілқасымқызы ‒ Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы, Конституциялық комиссияның төрағасы;
- Қарин Ерлан Тынымбайұлы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары;
- Балаева Аида Ғалымқызы ‒ Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары;
- Жарылғанов Айдар Төлетайұлы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі, Конституциялық комиссияның хатшысы.
Сонымен қатар комиссия құрамына парламент депутаттары, мәслихаттардың төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің, сарапшы және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері кірген. Комиссия мүшелерінің толық тізімімен мына жерден танысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қазақстанда Конституциялық комиссия құрылатынын, оның құрамына 100-ден астам азамат кіретінін мәлімдеген еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2334281-konstitutsiialyq-komissiianyng-quramyna-kim-kirdi-zhane-ol-nemen-ainalysady/