"Көшеров жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын": Тоқаев Түркістан тұрғындарымен кездесуде не айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Түркістанға ықыласым ерекше
Бүгін атажұртымыздың алтын бесігі – Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын.
Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан – түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы.
Бұл – халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы – шежірелі шаһардың рухани қазынасы.
Әзірет Сұлтан кесенесі – түркі әлемінің берекелі тұтастығының символы. Төл тарихымызда есімі алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаларымыз осы жерде мәңгілік мекенін тапқан.
Түркістан – Қазақ хандығының саяси орталығының бірі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл өңірде ұлтымыздың тағдырын айқындаған аса маңызды шешімдер қабылданды.
Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Бұл бірегей жиынның мән-мағынасы аса ерекше.
Құрылтайда үш жүздің билері және игі жақсылары түгел бас қосып, бір тудың астына жиналды. Ұлт бірлігінің арқасында батыр бабаларымыз Аңырақай шайқасында тарихи жеңіске жетіп, бүкіл сырт елдерге қазақ елі тұтастығының күшін паш етті.
Осындай елдік пен ерлік дәстүрі ешқашан үзілген емес.
Үкімет пен әкімдік жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек
Біз де тарих жолын жалғастырып, елімізде төрелі жиын, төбелі басқосулар өткізіп келеміз. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістанда өткенін жақсы білесіздер. Мен осы жерде "Адал азамат" тұжырымдамасын алғаш рет жарияладым.
Мамыр айының ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы тиісті мемлекеттер басшыларының ең жоғары деңгейдегі жиыны жоспарланып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек.
Көне шаһардың бірегей тарихи келбетін сақтау, мәдени мұрасын қорғау және жалпы осы облысты тұрақты дамыту – еліміз үшін маңызы зор міндеттердің бірі. Мен өзім мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін.
Бір жыл бұрын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы арнайы Заң қабылдадық.
Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын.
Министрлік әкімдікпен бірге мәселелерді тез арада шешуі қажет
Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болып жатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды.
Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елді мекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет. Ал табиғи газ жөнінде айтсақ, облыс халқының 90 пайызға жуығы қамтылған.
Бұдан бөлек, аймақта 83 әлеуметтік нысан ашылды. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 16 білім ордасы салынды. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды.
Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек
70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді.
Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және "Самұрық-Қазынаға" осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын.
Жалпы аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі.
Еліміздің алдында өте биік және күрделі мақсаттар тұр
Сонымен еліміздің алдында өте биік және күрделі мақсаттар тұр. Біз табанды еңбектің арқасында оның бәрін орындауымыз керек, бұған ешқандай күмән болмауға тиіс.
Көп ұзамай парламент қарауына президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа 5 конституциялық заң ұсынылады. Құрылтай, Халық кеңесі институттары арқылы халық билігінің озық үлгісі қалыптасады.
Біз тарихи тағдырымызда ерекше орын алған Ордабасы құрылтайының 300 жылдығында жаңа Конституциямызға сай Құрылтайды қайта жаңғыртатын болдық. Мұның да символдық мәні бар.
Сонымен қатар 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет болады. Осының бәрі болашағымызға күшті ықпал етері анық.
Қазақ елі сан ғасыр бойы бірегей дала заңымен өмір сүрді. Құқықтық мемлекет құру – айбынды бабаларымыздың қастерлі мақсат-мұраты болғанын тарихтан бәріміз жақсы білеміз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз