"Жаңа кітапханалар, ұлттық сыйлық, цифрлық платформа": Тоқаев кітап оқуды дамыту туралы жарлыққа қол қойды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Президент жарлығында адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында мыналарды қаулы етті:
Мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде мыналарды айқындауды:
- кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
- оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
- туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
- баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;
- ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.
Сондай-ақ Қазақстан үкіметіне мынадай тапсырмалар жүктелді:
- халықтың әр түрлі санаттары, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету;
- жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз ету;
- ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттауды, оның ішінде туындыларды сапалы аудару, басып шығару, оқырмандардың кең ауқымды аудиториясына тарату арқылы қамтамасыз ету;
- 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін "Жылдың 10 оқырманы" республикалық жобасын іске асыруға кірісу;
- жасанды интеллектіні дамыту жағдайында 2026 жылдың соңына дейін Кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027 – 2031 жылдарға арналған "Зерделі ұлт" тұжырымдамасын (бұдан әрі – "Зерделі ұлт" тұжырымдамасы) бекіту;
- 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін "Кітапхана және кітап шығару ісі туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлеу;
- 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау;
- 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру;
- жыл сайын "Зерделі ұлт" тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасы президентінің Әкімшілігіне есеп беру.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2377302-zhanga-kitaphanalar-ulttyq-syilyq-tsifrlyq-platforma-toqaev-kitap-oqudy-damytu-turaly-zharlyqqa-qol-qoidy/