Мемлекеттік рәміздер күні: Тоқаев ту көтеру рәсіміне қатысты (фото)
Жарияланған күні:
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы "Атамекен" этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.
Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды атаулы күнмен құттықтады.
"Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз.
Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады.
Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды.
Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді", - деді президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2384322-memlekettik-ramizder-kuni-toqaev-tu-koteru-rasimine-qatysty/