Тоқаев 1 шілде күні жаңа Конституция заңды күшіне енетінін еске салды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы "Айбын" ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйледі. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев 1 шілде күні жаңа Конституция заңды күшіне енетінін, осылайша, Қазақстан ел дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басатынын еске салды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады.
Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күштерді, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни, реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес.
Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді", - деді президент.
Естеріңізге сала кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтті.
Нәтижесінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдап, осылайша, 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2393296-toqaev-1-shilde-kuni-zhanga-konstitutsiia-zangdy-kushine-enetinin-eske-saldy/