Тоқаев Қазақстанда "Электрондық парламент" жүйесін енгізу туралы айтты
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен соңғы отырысында Қазақстанда e-Parliament жүйесін енгізу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Мемлекет басшысы Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенетінін жеткізді.
"Былтыр қазан айында өткен парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім.
Қазақстан e-Government, яғни "Электрондық үкіметтің" даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді "Электрондық парламентті" қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет", - деді ол.
Президент жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керектігін жеткізді.
"Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді.
Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет", - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2394469-toqaev-qazaqstanda-elektrondyq-parlament-zhuiesin-engizu-turaly-aitty/