jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Миллион айыппұл кешіріледі: Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңғы қол қойды

    10 мың теңгелік купюралар
    10 мың теңгелік купюралар. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

    Мемлекет басшысы рақымшылық жасау туралы және тағы бірқатар заңға қол қойды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

    Бүгін, 1 шілдеде мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

    Сонымен қатар мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі және құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

    Одан бөлек "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды.

    Ішкі істер министрлігінің ведомстволық Polisia.kz медиа-порталының хабарлауынша, рақымшылық қоғамға қауіп төндірмейтін, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздікке және заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекеттің өзге де маңызды мүдделеріне зиян келтіретін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қолданылады.

    "Қылмыстық жауаптылықтан және жазадан негізінен қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдар, сондай-ақ келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған жекелеген санаттағы адамдар босатылады.

    Заңға сәйкес, сотталғандардың белгілі бір санатына жасалған қылмыстың ауырлығы, келтірілген залалдың өтелуі және жазаны өтеу кезеңіндегі мінез-құлқы ескеріле отырып, жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі қысқартылады", - делінген жазбада.

    Алдын ала есеп бойынша, 16,5 мыңнан астам адам жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Олардың 2 900-ге жуығы әйел адамдар, оның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар.

    Басылым мәліметінше, рақымшылық қоғамдық тәртіптің немесе азаматтардың қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне әкелмейді. Өйткені заң сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстарын, жыныстық еркіндік пен қол сұғылмаушылыққа қарсы, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды, азаптауды, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстарды, сондай-ақ қылмысты қайталап немесе аса қауіпті қайталап жасаған адамдарға ешқандай жеңілдік қарастырмайды.

    Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылыққа ілінбейді.

    Айта кетейік, Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілетін әкімшілік рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабында көзделген құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді.

    Тек ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтардың өзіне қатысты 17 млрд теңгеден астам сомаға салынған шамамен 1 миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді.

    Осылайша әкімшілік рақымшылық азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар әкімшілік рақымшылық ең өрескел құқық бұзушылықтарды жасаған адамдарға қолданылмайды. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу (мас күйінде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан басқа да бұзушылықтар), сондай-ақ құқық бұзушылықты қайталап жасаған адамдар бар.

    Әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

    Бұл үшін азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуі талап етілмейді. Айта кету қажет, қылмыстық және әкімшілік рақымшылық бір реттік сипатқа ие. Егер рақымшылыққа ілінген адам кейін қайтадан құқық бұзушылық жасаса, ол жалпы негізде заң алдында жауап береді.

    Миллион айыппұл кешіріледі: Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңғы қол қойды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.