"Жаңа LRT желісі, Астанадағы екінші әуежай: Бектенов Тоқаевқа есеп берді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есепті тыңдап, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен танысқан.
Премьер-министрдің айтуынша, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскен. Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 9,8 пайызға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға артқан. Сондай-ақ сауда-саттықта – 5,7 пайыз, ауыл шаруашылығында – 4,4 пайыз және байланыс қызметінде 4,3 пайыз өсім тіркелген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңге болған, соның ішінде жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайған.
Олжас Бектенов ұлттық экономика құрылымын нығайту жөнінде де есеп берген. Биыл өңдеу секторында 1,7 триллион теңгеге 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар үкімет басшысы ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысын және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау туралы айтқан.
Оның мәліметінше, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек.
Ал ауыл шаруашылығындағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайған. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінген. Бұл ретте бюджеттің әр теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға септігін тигізген.
Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы және инфляцияны төмендету шаралары туралы ақпарат берілген. Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайыз болған.
Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері туралы баяндалған, сондай-ақ жұмысқа орналасуға ынталандыру арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру тәсілдері таныстырылған. Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржы үнемделген.
Кездесуде жылыту маусымына дайындық мәселесіне айрықша назар аударылған. Өткен маусымның қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы аса жоғары тәуекелдің "қызыл" аймағынан шығарылып, үш ЖЭО "жасыл" аймаққа ауыстырылған. Биылғы жөндеу жұмыстары 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны қамтиды. Аталған мақсатқа 384 миллиард теңге бөлінген. "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді.
Президентке цифрландыру және ұлттық АІ инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы да мәлімет ұсынылған. Олжас Бектенов "Деректерді өңдеу орталығы алқабы" жобасын іске асыру мақсатында әлемдік ІТ көшбасшыларымен бірге қуаты 250 МВт болатын инфрақұрылым жасақталатынын айтты. Шетелден тартылған инвестиция көлемі 10 миллиард доллардан асқан.
Мемлекет басшысына туризм инфрақұрылымын жаңғырту жайында да есеп берілген.
"Алматы тау кластерін дамыту туризм саласының ІЖӨ құрылымындағы үлесін арттырады. Almaty SuperSki жобасының құрылысы жандана түсті: 60 шақырым трасса құрылысы аяқталғанда тәулігіне 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік туады. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Еліміз "Болашақ ойындары-2026" жарыстарын өткізуге дайын", - деді премьер-министр.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сай қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар болды.
"Заңнаманы Ата заңға сәйкестендіру, "Әділетті Қазақстан" және "Заң мен тәртіп" қағидаттарын нығайту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, Алатау қаласын қарқынды дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастыру, сондай-ақ "Таза Қазақстан" бастамасын ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде", - деп қосты үкімет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді өркендету бағытындағы жүйелі қадамдарды жалғастыруды тапсырған.
Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алу міндеті жүктелген. Бұл бастама ел азаматтарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартуға тиіс. Заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше назар аударылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2398958-premer-ministr-olzhas-bektenov-toqaevqa-birinshi-zhartyzhyldyqtyng-qorytyndysy-boiynsha-esep-berdi/