Тоқаев Түрікменстан халк маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Халк маслахатының төрағасына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Президент қазақ-түрікмен ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанына ерекше назар аударып, Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты.
"Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегиялық серіктес елдерміз. Жаңа Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы айтып өттіңіз. Мен де оның қызметін бақылап, үкіметке бағыт-бағдар беріп, қандай шешім қабылдау керек екенін нұсқап отырамын. Өйткені біз үшін Түрікменстанмен достық байланыс басты басымдықтардың бірі саналады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапармен келді.
Ашхабад әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты түрікмен халқының көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ Президент Ашхабадтағы Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашып, "Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" атты халықаралық форумға қатысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2172502-toqaev-turikmenstan-halk-maslahatynyng-toragasy-gurbanguly-berdimuhamedovpen-kezdesti/