Саясат

Зектілері

Оңтүстік Кореядағы ахуал: елшіліктен көмек сұраған қазақстандықтар бар ма

Жарияланған күні:

Оңтүстік Корея
Оңтүстік Корея. Көрнекі сурет: pexels.com

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореядағы жағдайға қатысты пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының дипломатиясы үшінші бір елдің ісіне ешқашан араласпайды. Оңтүстік Кореяда болып жатқан жағдай сол елдің мәселесі. Біздің мақсатымыз – Қазақстаннан тыс елдерде, соның ішінде Оңтүстік Кореяда жүрген азаматтарымыздың құқығын қорғау. Оңтүстік Кореяда осындай қиыншылық болып жатқанына қарамастан, қазірге дейін ешбір қазақстандық елшілікке көмек сұрап хабарласпады.

Көмек сұраса, біз міндетті түрде азаматтарымызға қолдау көрсетеміз. Қазір 30 мыңнан аса азаматымыз түрлі себептермен Оңтүстік Кореяда жүр. Отандастарымыздың осы елге көп баруының басты себебі – екі ел арасындағы "визасыз жүйе", - деп жауап берді СІМ басшысының орынбасары мәжілістегі журналистер сауалына.

Дипломаттың айтуынша, Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтары зардап шеккені туралы ешқандай мәлімет түскен жоқ.

Бұған қоса, министрлік өкілі қазақстандықтар Корея Республикасында виза тәртібін жиі бұзатынын атап өтті. Сол себепті СІМ, еңбек министрлігімен бірлесе отырып, осы елге баратын азаматтарды корей тілі мен мәдениетін үйрететін бағдарламаларға қосуды көздеп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, сейсенбі күні түнде Оңтүстік Корея президенті елде әскери режим жариялаған, алайда оппозиция мен қоғам қарсылығынан кейін осы шешімінен бас тартқан. Сеулде кешелі бері ереуіл болып жатыр.

Кеше Қазақстанның Сеулдегі елшілігі осы елдегі әскери жағдайға байланысты мәлімдеме таратқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2196047-ongtustik-koreiadagy-ahual-elde-zhurgen-qazaqstandyqtar-elshilikten-komek-suragan-ba/