Саясат

Зектілері

Тоқаев Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті (фото)

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев, шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен
Қасым-Жомарт Тоқаев, шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Бұл жөнінде Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мемлекет басшысы Доха форумына шақырғаны үшін шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтып, аталған жиын әлемдегі өзекті проблемалар бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін бірегей диалог алаңы екенін айтты.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірінің стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады", - делінген ресми ақпаратта.

Қасым-Жомарт Тоқаев, шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни
Қасым-Жомарт Тоқаев, шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни. Фото: akorda.kz

Әңгімелесу барысында банк, телекоммуникация, энергетика, ауыл шаруашылығы және медицина салаларындағы инвестициялық жобаларға қатысты келісімдерді уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру мәселесіне ерекше мән берілді.

Қазақстан президенті Қатар бизнесімен бірлескен жобалар екі елдің дамуына септігін тигізетініне сенімді екенін атап өтті.

Қатар әмірі Астана мен Доха арасындағы ынтымақтастық ұзақмерзімді стратегиялық сипат алғанын жеткізді.

Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни
Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни. Фото: akorda.kz

Сондай-ақ екіжақты сапар барысында қабылданған шешімдерді іске асыру бойынша үкіметтер жүйелі жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог қазақ-қатар қатынастарын нығайтуға алдағы уақытта да ықпал ететініне назар аударды.

Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, 6 желтоқсанда Қатар Мемлекетіне жұмыс сапарымен келді.

Бүгін Доха форумының ашылу салтанатына мәртебелі мейман ретінде қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2197467-toqaev-qatar-amiri-sheih-tamim-ben-hamad-al-tanimen-kezdesti/