Саясат

Зектілері

Тоқаев Дональд Трампты АҚШ президенті қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп. 2019 жылғы 25 қыркүйек/Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трампқа жеделхат жолдап, оны 20 қаңтарда Вашингтонда өткен ұлықтау рәсімінде АҚШ президенті қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады.

Жеделхатта Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының энергетика, ядролық қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастығы одан әрі табысты дамитынына сенім білдірілген.

Айта кетсек, 20 қаңтарда Вашингтонда өткен инаугурацияда Дональд Трамп АҚШ президенті ретінде ант беріп, төртжылдық қызметіне кіріскен болатын. Президент қызметіне Трамп екінші рет сайланып отыр. Бұған дейін ол 2017 және 2021 жылдары АҚШ президенті болған.

Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың жақында сайланған президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау мақсатында ұдайы байланыста болуға уағдаласты. Сондай-ақ бұған дейін де Тоқаев Америка Құрама Штаттары президентінің сайлауында айқын жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2213505-toqaev-donald-trampty-aqsh-prezidenti-qyzmetine-resmi-turde-kirisuimen-quttyqtady/