Саясат

Зектілері

Астанада Олжас Бектенов пен Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді (фото)

Жарияланған күні:

келіссөз
Фото: t.me/KZgovernment

Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді. Онда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің Telegram-дағы арнасы.

Ү️іметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары қаралды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударылды.

Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі 24,2 млрд долларға жетті. Екі мемлекет басшылары арасындағы тауар айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі уағдаластықтарына қол жеткізу мақсатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту маңызды. Экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асырудың оң нәтижелері атап өтіліп, алдағы кезеңге жаңартылған бағдарламаны әзірлеу қажеттігі нақтыланды.

Қазақстан үкіметі
Үкімет мүшелері. Фото: t.me/KZgovernment

2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 5 пайызға өсіп, 3,2 млрд доллардан асты.

Өнеркәсіп кооперациясы саласында бүгінгі таңда 18,6 млрд долларға қазақ-ресейлік 99 жоба іске асырылды. Қазақстанда жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды.

Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау жоғары қарқынмен дамып келеді. Осыған байланысты автокөлік және теміржол инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ су көлігі саласында жаңа баламалы бағыттар ашуға көңіл бөлінуде.

"Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын", -деді Олжас Бектенов.

Ал Михаил Мишустин Қазақстан Ресейдің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін тағы да еске салып, екі елдің өзара қарым-қатынасы достық, тату көршілік, өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделгенін атап өтті.

РФ премьер-министрі Михаил Мишустин
РФ премьер-министрі Михаил Мишустин: t.me/KZgovernment

"Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қарым-қатынастарымызды одан әрі дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Екі ел үкіметтерінің міндеті — көшбасшыларымыз қол жеткізген келісімдердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету", - деді Михаил Мишустин.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2216508-astanada-olzhas-bektenov-pen-rf-premer-ministri-mihail-mishustin-ekizhaqty-kelissozder-zhurgizdi-foto/