jitsu gif
Саясат

    Тоқаев Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиевті қабылдады

    Қасым-Жомарт Тоқаев пен Адылбек Касымалиев
    Қасым-Жомарт Тоқаев пен Адылбек Касымалиев. Фото: akorda.kz

    Мемлекет басшысы Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиевті қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

    Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты тереңдету мәселелері талқыланған.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Адылбек Касымалиевті Қырғыз Республикасы министрлер кабинетінің төрағасы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, оның Астанаға жасаған алғашқы ресми сапары бауырлас халықтар арасындағы достық пен одақтастық қатынастарды нығайту тұрғысынан айрықша маңызды екеніне назар аударды.

    "Қазіргі таңда қазақ-қырғыз ынтымақтастығы қарқынды дамып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Құрметті Садыр Нургожоевич Жапаровтың Қазақстанға былтыр жасаған ресми сапары екіжақты ықпалдастығымызды жаңа деңгейге көтерді. Осы сәтті пайдаланып, құрметті Садыр Нургожоевичке жылы лебізімді жеткізуіңізді сұраймын", - деді мемлекет басшысы.

    Президенттің айтуынша, екі ел үкіметтеріне жүктелген басты міндеттердің бірі – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толықтай жүзеге асырылуын бақылау. Атап айтқанда, тауар айналымының көлемін ұлғайту үшін жаңа мүмкіндіктер іздеу, қазақ-қырғыз шекарасындағы Индустриалды сауда-логистикалық кешенді жедел іске қосуға ықпал ету, сондай-ақ көлік-транзит байланысы үшін қолайлы жағдай жасау қажет.

    қазақ-қырғыз тарапы
    Кездесу. Фото: akorda.kz

    Өз кезегінде Адылбек Касымалиев қырғыз делегациясына қазақ жерінде көрсетілген қонақжайлыққа ризашылығын білдіріп, президент Садыр Жапаровтың ізгі сәлемі мен тілегін жеткізген.

    "Біздің президентіміз бауырлас Қазақстанмен достық және тату көршілік қарым-қатынасты әрдайым арттыруға зор мән беріп, қолдау білдіріп келеді. Жоғары деңгейдегі кездесулерде қол жеткізілген келісімдердің арқасында Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы саяси, сауда-экономикалық, су-энергетикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастық нығая түсті", - деді Қырғызстан үкіметінің басшысы.

    Сондай-ақ Адылбек Касымалиев мемлекеттер басшылары қойған барлық міндет қазақстандық әріптестермен бірге мұқият пысықталып жатқанын айтқан.

    Кездесуде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және су-энергетика саласындағы ықпалдастық мәселелеріне айрықша мән берілген.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.