Ердоған Тоқаевты cәуірде Анталияда өтетін форумға шақырды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, ең алдымен Қазақстан және Түркия президенттері Ораза айт пен Наурыз мерекелеріне орай бір-біріне ізгі тілектерін жеткізген.
Режеп Тайип Ердоған мемлекет басшысын жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтаған.
"Түркия президенті аталған оң өзгерістер Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі батыл саясатының нәтижесі екенін атап өтіп, Негізгі заң Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуына, сондай-ақ ішкі және халықаралық әлеуетінің нығаюына тың серпін беретініне сенім білдірді", - делінген хабарламада.
Қазақстан президенті түрік байқаушыларының референдумға белсенді атсалысқаны үшін алғыс айтып, мұны бауырлас әрі достас елдер қарым-қатынасының бір көрінісі ретінде бағалаған.
Әңгімелесу барысында Режеп Тайип Ердоған биыл 14 мамырда Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына және осы сапар аясында өтетін жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына, сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне айрықша мән беретінін мәлімдеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысының Астанада ұйымдастырылатын жоғары деңгейдегі келіссөздер екі елдің стратегиялық серіктестігіне тың серпін беру тұрғысынан аса маңызды деген пікірін құптаған.
Сондай-ақ Түркістандағы түркітілдес елдер басшыларының саммитіне үлкен үмітпен қарайтынын айтқан.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ халқы Түркия президентін еліміздің төрінде қуана қарсы алады.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған мемлекет басшысын cәуірде Анталияда өтетін Дипломатиялық форум отырысына қатысуға шақырған.
Қазақстан президенті шақыруды ықыласпен қабыл алған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2357673-toqaev-erdoganmen-telefon-arqyly-soilesti-taraptar-neni-talqylady/