Мешіт атауын бекіту, түрлі орталықтар құру: Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде не ұсынды
Жарияланған күні:
15 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі. Президент саммитте қандай маңызды мәселелерге тоқталғанын KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап назарға ұсынады.
Президент алдымен Түркістандағы алқалы жиынға қатысуға келген Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді.
Бейресми саммитте, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеев, Кеңестің байқаушысы, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Туфан Эрхюрман, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі. Саммиттің қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан декларациясына қол қойды.
Тоқаевтың саммитте сөйлеген сөзінен үзінділер:
Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен ашылған жаңа зәулім мешіт атауы
Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді... Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту...
Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді.
Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиеевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін.
Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы.
Менің пікірімше, бұл мешітке "Миромон ата" аты берілсе, өте орынды болар еді. Қос халқымыз бұл шешімді қолдайтынына еш күмән жоқ. Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет етеріне сенімдіміз.
ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсыныс
Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн.
Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі.
Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет.
Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, CubeSat-12U ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады».
Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру
Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек.
Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын.
Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз.
Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз.
Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарабынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді.
Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады.
Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене ат салысады деп сенеміз.
Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын.
Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашу
Төртінші мәселе. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын.
Орталыққа Turkic ai атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.
Түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты арнайы цифрлық платформа құру
Алтыншы мәселе. Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.
Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады.
Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.
Түркістанда Түркі өркениеті орталығын, ал Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталықты құру
Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым.
Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі.
Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі.
Бәріміз де жаңа ғана Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы бастамаға көрсеткен қолдауларыңыз үшін Сіздерге алғысымыз зор.
Бұған қоса, біз Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ.
Ұйымға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын.
Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру
Келесі маңызды мәселе. Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет.
Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек.
Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз