Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Іштегі бес айлық баласын алдырмақ болды": Әнші Калия жүкті болып қалған қыздардың жанайқайын айтты

Опубликовано:

әнші
Фото: Әншінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Халыққа "Калия" лақап атымен танылған әнші Ақмаржан Көшербаева елімізде өршіп тұрған мәселелерге қатысты өз пікірімен бөлісті. Әншіні қазіргі қоғамдағы педофилияның өршуі, баласынан бас тартатын жас аналардың көбейгені алаңдатады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол бұл проблемалардың астарында білімсіздік жатқанын жасырған жоқ.

"Соңғы кездері жаңалықты ашып қалсаң, міндетті түрде педофилге қатыстысын оқитын болдық. Бұл туралы заңгерлермен біраз сөйлескенмін. Педофилияның белең алуы бұрыннан да бар, әлеуметтік желі мен ғаламтордың дамуы арқылы мұндай сорақылыққа құлағымыз үйреніп барады.
Бірақ осындай жауыздықтан баланы құтқару үшін біз бір ғана нәрсе істей аламыз. Балаға дұрыс білім беруіміз қажет, жыныстық тәрбиені құлағына сіңіре беру керек. Жақында Сәтбаев қаласында болған жантүршігерлік оқиғаны бәріміз естідік. Көпшілік бес жасар қызына ие бола алмаған анасын кінәлауда.
Алайда, баланы үнемі қасыңда "көгендеп" қоя алмайсың. Ол ойнайды, жүгіреді, үнемі қозғалыста болады. Он жерден анасы болсаң да, іштен шыққан баланы үнемі қадалағап отыру мүмкін емес. Мүмкін, біреуінің үш-төрт баласы болғандықтан, бәрін назарда ұстай алмайтын шығар.
Педофилдерді кәдімгі жұрттан айырып алу қиын, сондықтан, бұл жағдайда көпшілік ана шарасыз. Сондықтан, балаға бөгде адаммен сөйлеспеуді, көпшілік көзінен алшаққа кетпеуді, бейтаныс біреу жақындаса басқаларды көмекке шақыруды үйрету керек", - дейді Калия.

Әнші жақында отандық бағдарламалардың бірінде қазақтағы "әпшу беру" дәстүріне қатысты айтқан пікірін де түсіндірді.

"Шыны керек, мен бұл дәстүрді түсінбеймін. Кішкентай баланың жыныс мүшесіне үлкендердің қол салуы... Бүгінде көпшілігі балаларын 40 күннен асқан соң сүндеттеп тастайтынын ескерсек, бұл дәстүрдің қажеттілігі тіпті жоғалады. Кішкентай күнінде "әпшу бергені" үшін өте ыңғайсыз сезінген таныстарым да бар болып шықты.

Бұл жыныстық тәрбиеге қарама-қайшы дүние сияқты. Жақында Тимур Балымбетовтің бағдарламасында осыған қатысты біраз пікір таластырдық. Осы ойымды айтқанда, феминита өкілі мұны да педофилия деп атау керектігін айтты. Осыны бұрмалап, біраз басылым жазып тастапты. Шын мәнінде, бұл дәстүрдің де ойлантатын тұстары көп", - дейді әнші.

Калия Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтың қамқорлық кеңесіне төрайым атанды. Әншіні қоғамда зорлыққа ұшырайтын әйелдердің де білімсіздігі алаңдатады.

"Алматыдағы дағдарыс орталығына келетін әйелдер көп. Басым бөлігі үйде отырып қалған. Көпшілігінде білім жоқ. Тіпті, баласына дұрыс дәретханаға отыруды үйрете алмағандар да бар. Түптеп келгенде, әр мәселенің астарында білімсіздік жатыр. Бүгінде баласын дәретханаға, кәріз құбырына тастап кеткен жас аналарды жиі кездестіреміз. Іштен шыққан баласынан осылай бас артқан оларды жатып кеп жамандаймыз. Бірақ оң жақта отырып жүкті болғандарды қоғам қабылдай ма? Әрине, жоқ. Өзегін жарып шыққан баласын кім қияды өлімге? Бәрі де сол ата-анасынан, жақындары мен қоғамның пікірінен қорыққаннан осындай қадамға барады", - дейді әнші.

Сондай-ақ, әнші осыдан екі-үш жыл бұрын жүкті болып қалған бойжеткеннің хикаясымен бөлісті.

"Алматыдағы ЖОО-лардың бірінде оқитын студент қыздың тағдырына біраз араласқаным бар. Әдемі әрі озат оқитын қыз сөз байласқан жігітінен жүкті болып қалған. Ал аяғы ауыр екенін шамамен бес айға жақындағанда бір біледі. Жігіт сол бойда табанын жалтыратса, ашуға булыққан ата-анасы баланы алдыртып тастауды талап етеді. Өйткені, бұл ұят!

Бес айлық баланы алып тастау оңай емес, дәрігерлер де бас тартады. Ақыры, сол қыз баласын босанды. Бүгінде үшке келіп қалған әлгі сәбиді алдыртып тастағасы келген ата-әжесінің пікірі өзгерген. Олар үшін сол баладан тәтті ешкім жоқ. Көрдіңіз бе, біздегі көп жағдай қоғамның талқысынан қорыққаннан болып жатыр. Егер бұл баланы да алдыртып тастағанда, әлгі қыздың өмірлік өкінішіне айналар еді", - дейді Калия.

Еске сала кетсек, 23 шілде күні түнде Сәтбаев қаласында 5 жастағы қыз бала жоғалып кетіп, кейін бөтен пәтерден табылды. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған, алайда жергілікті тұрғындар оны өздеріне беруді талап еткен.

Ал 24 шілде күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаев қаласындағы жағдайға байланысты пікір білдірген еді.

Осыдан кейін бүлдіршіннің ата-анасы үндеу жасап, ел тұрғындарынан жалған ақпарат таратпауды сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1869779-istegi-bes-ajlyk-balasyn-aldyrmak-boldy-nsi-kalia-zkti-bolyp-kalgan-kyzdardy-zanajkajyn-ajtty/

pixel