Алибасов емханада: Стас Барецкий ШҚО-да туған продюсерді Мәскеуде тегін жерлеуге уәде етті
Жарияланған күні:
Қазақстанда туған ресейлік продюсер Бари Алибасов емханаға түсіп қалды. Қан қысымы қатты төмендеп кеткен продюсердің жағдайын естіген ресейлік шоумен Стас Барецкий "оны қаза тапса, Мәскеуде өз қаражатына жерлеуге" дайын екенін мәлімдеді деп хабарлайды ren.tv.
"На-На" тобын продюсерлік еткен ШҚО тумасы Бари Алибасов денсаулығы сыр беріп, мәскеулік емханалардың біріне түсіп қалды. Бұл туралы оның PR-директоры Вадим Горжанкин мәлімдеген.
Айтуынша, Алибасовтың қан қысымы қатты түсіп кеткен. Ол белгілі бір препаратты тым көп қабылдағаннан осындай күйге түсті деген болжам жасалуда. Себебі, продюсердің пәтерінен препараттың бос қораптары табылған екен және әдетте оны тым көп қолдану қан қысымына әсер ететіні де алға тартылды.
"Бари Кәрімұлының кешке жағдайы нашарлап кетті. Жедел жәрдем дәрігерлері оның қан қысымы қатты төмендеп кеткенін айтты. Бүгінде ол Мәскеу емханаларының бірінде", - дейді Горжанкин.
Сол арада бұл хабарды естіген танымал ресейлік шоумен Стас Барецкий продюсер Бари Алибасов "уланып қайтыс болған жағдайда, жерлеуді өз мойнына алатынын" мәлімдеді.
Барецкийдің айтуы бойынша, Алибасов белгісіз зат ішіп қоюы мүмкін. Себебі, оның бұған дейін де абайсызда құбыр тазалағыш сұйықтықты ішіп алған кезі болыпты.
Ол Алибасов қайтыс болған жағдайда оны Мәскеудегі кез келген зиратқа өз қаражатына жерлеуге дайын екенін алға тартты.
Еске салсақ, бұған дейін Бари Алибасов дүние есігін әлі ашпаған баласына оғаш есім беру туралы шешім қабылдағанын жазған едік. Алибасов ұл туылса, оған Ковид есімін бермек. Ал егер қыз бала дүниеге келсе, перзентіне Пандемия деген есім беретінін мәлімдеген болатын.
Одан бөлек, әлеуметтік желіде отандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мен Түркияның жарқын жұлдызы Бурак Озчивиттің бірге отырған сәтінен ескі видео тарап, қызу пікірталас тудырғанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1888257-alibasov-emhanada-stas-bareckij-sko-da-tugan-produserdi-mskeude-tegin-zerleuge-ude-etti/