Мадоннаның өзіне киім тігіп, Louis Vuitton-да басшылық қызмет атқарған қазақ кім
Жарияланған күні:
Теріден киім тігу шебері Мұстафа Услуджан жиырма жасында Францияға көшіп, он бес жылдай Louis Vuitton сән үйінде теріден киім тігетін топтың басқарушысы қызметін атқарып, сосын Balenciaga-ға жұмысқа ауысқан. Есімі әлемге мәшһүр америкалық әнші Мадоннаға арнайы киім тіккен ол қазір Chanel компаниясында жұмыс істейді. Алдағы уақытта қандасымыз Франциядан Қазақстанға арнайы келіп, қазақ балаларына теріден түрлі бұйым жасауды үйретуді мақсат етіп жүр деп жазады "Түркістан" газеті.
Мұстафа Услуджан киім тігуді 13 жасында Түркияда үйренген. Айтуынша, әке-шешесі - Алтайдан басталған көш керуенімен бірге Үндістан, Пәкістан арқылы 1953 жылы Түркияға жеткен қазақтар.
"Әке-шешем – Алтайдан басталған көш керуенімен бірге Үндістан, Пәкістан арқылы 1953 жылы Түркияға жеткен қазақтар. Бастапқыда біздің әулет Түркияның Алтай деген ауылына тұрақтады. Сосын 1974 жылы отбасымызбен бірге Стамбұлға көшіп, сол жерде өсіп-өндік.
Сосын 1983 жылы жиырма жасымда Францияға жалғыз өзім жұмыс істеуге келдім. Әдепкіде француз тілін білмегендіктен жұмыс табу қиынға соқты.
Бірақ теріден киім тіге білетіндіктен жұмыссыз қалмайтынымды білдім. Сөйтіп, бір жерден жақсы жұмыс табыла кетіп, осы іспен кәсіби түрде шұғылдана бастадым.
Қазір есептеп қарасам, осы кәсіптің нәсібін көріп келе жатқаныма отыз сегіз жылдай уақыт болыпты. Кейін киім тігумен айналысатын түрлі компанияларда жұмыс істедім. Сосын Hermès сән үйінде, одан соң Louis Vuitton компаниясында он бес жыл еңбек етіп, басқарушы қызметін атқардым.
Онда қоластымда қызмет ететін тігіншілерге «Мынау былай тігіледі. Ана киімді былай тігу керек» деп ақыл-кеңесімді айтып, түзету енгізіп отыратынмын. Сосын 2014 жылы Balenciaga сән үйіне ауыстым. Ал қазір Balenciaga-дағы жұмыс орнымды ауыстырып, Chanel компаниясына жұмыс істеп жатқаныма екі айдың жүзі болды", - дейді ол.
Мұстафа Услуджанның әпкесі мен жездесі де Louis Vuitton сән үйінде жұмыс істейді екен. Одан бөлек, Chanel компаниясында жұмыс істейтін қазақтар аз емес.
"Жалпы, Париждегі әйгілі сән үйлерінде киімді керемет тігетін қазақтар жетерлік. Әрқайсысында екі-үш қазақ жұмыс істейді. Одан бөлек, бір қазақ жігітінің жеке тігін фабрикасы бар", - дейді маман.
Айта кетерлік жайт, тігінші тіпті әлемге әйгілі әнші Мадоннаның өзіне шапан тіккен екен.
"2008 жылы Chanel сән үйінің басшысы болған әйгілі неміс модельері Карл Лагерфельдтің тапсырысы бойынша Мадоннаға арнайы теріден қысқа шапан тіккен болатынмын. Негізі, танымал адамдарға киім тігу бойынша тапсырыстар жиі түседі. Өзіңіз білетіндей, дүниежүзіне танымал адамдардың көбі француздық сән үйлері жасап шығаратын өнімдерге қатты қызығады", - дейді ол.
Қандасымыздың өзінің жүрегінде сақтап жүрген арманы да жоқ емес. Ол атажұртқа келіп, қазақ балаларынан теріден киім тігуді үйретуде армандайды.
«Қазір жасымыз 55-60-қа келіп қалды. Енді қалған ғұмырымызды Қазақстандағы балаларға теріні қалай кептіретінін, қалай пішетінін, сосын қалай тігетінін үйретуге арнасақ деп едік» деп айтамын. Әзірге, нәсіп болмай тұр. Осыдан екі жыл бұрын киімді мықты тігетін бір жолдасым атажұртқа теріден киім тігуді үйретемін деп барған еді, бірақ жоспары іске аспады.
Десек те, Louis Vuitton, Balenciaga, Chanel секілді компанияларда тынбай еңбектеніп жүріп, жиған-терген тәжірибеміз бар, әкемізден үйренгеніміз бар, осының барлығын қазақ балаларына үйреткім келеді. Түркияда өсіп-өнсек те, жиырма жасымнан бері Францияда жүрсем де, Қазақстан десе елеңдеп отыратынымыз рас. Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларынан тігіншілікке баулитын мектептер ашсақ, оған он алты немесе он жеті жастағы балаларды қабылдап, оларға барлығын басынан бастап үйретсек, шіркін", - деген ойын жеткізді ол.
Авторы: Әлия Тілеужанқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1925243-madonnanyn-ozine-kiim-tigip-louis-vuitton-da-bassylyq-qyzmet-atqargan-qazaq-kim/