Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүгін «Хабар» арнасында «Барыс Generation» телехикаясы көрерменге жол тартады

Опубликовано:

Телехикая
Фото: "Хабар" телеарнасы

Бүгін, 7 желтоқсан күні, сағат 22:30-да « Барыс Generation » атты жаңа телетуындының тұсаукесері болады. Хоккей тақырыбына арналған тұңғыш отандық жоба - «Хабар» арнасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тартуы.

Хоккей - ең әдемі және күрделі спорт түрлерінің бірі. Мұнда күш, ептілік, реакция жылдамдығы қажет. Командалық ойынның күрделілігі мен сұлулығын бағалай алатын жанкүйерлердің қатарын көбейтуге арналған «Барыс Generation» телехикаясының сюжет желісіне алаулаған албырт сезім, үйішілік кикілжің, спорттағы шиеленіс пен жас бапкердің тұлғалық өсуі арқау болды.

Телехикая
Фото: "Хабар" телеарнасы

Телехикаяның сюжеті бойынша, жастар хоккей лигасынан шығып кетудің алдында тұрған жас клубтың бас жаттықтырушысы болып ҚХЛ-дың ойыншысы Бауыржан Есмұратов тағайындалады. Ол команданы біріктіріп, жеңіске жеткізе алады ма? Бұл жолда оны қандай қиындықтар күтуде? Бұл сұрақтардың жауабын 15 сериялы «Барыс Generation» телехикаясынан тамашалай аласыздар.

Жоба идеясының авторлары - Дәуіт Шайхисламов, Мәлік Хасенов, Санат Шапашов, Сәбит Рахымбаев және Бахтиер Ысқақов. Қоюшы режиссері - Ақан Мұсақұлов.

Хоккей хақындағы хикая түсіріліміне көпке әлі таныла қоймаған актерлар мен кәсіби хоккейшілер қатысты. Олардың қатарында Ғазрет Ержанов, Ғани Құлжанов, Дарина Менисова, Әлішер Исмаилов, Алдияр Қуанышев, Айдана Қасымхан, Ақжол Сәбиғат, Роман Леонтьев, Никита Гаршин, Бекзат Достанов, Арелана Амангелдиева, Шах-Мұрат Ордабаев, Асылбек Қапаев, Евгений Шворнев бар.

Телехикая
Фото: "Хабар" телеарнасы

Киноиндустрияға жаңадан аяқ басқан Әлішер Исмаилов бұл сериал өзіне кәдімгі сын болғанын жасырмады:

«Мен спортпен айналысатынмын, бірақ командалық түрі емес еді. Негізі күрес, жекпе-жек деген сияқты спортқа әуес болатынмын. Шынын айту керек, қиын болды. Басында тіптен қиналдым. Хоккейші жігіттер көп көмектесті. Бірден түсірілім басталған кезде, хоккейшіге айналуларың керек деді. Режиссер бірден хоккей ойыншысы бол дегенде, амалсыз хоккей ойнап кетуге тура келеді», - деді.

Айтулы телесериалдың көптеген эпизодтары елордадағы «Барыс Арена» мұз айдынында түсірілген. Шығармашылық топ мұз айдынындағы оқиғаның барынша шынайы шығуына күш салды. Түсірілім уақыты 2,5 айға созылды. Сериалды түсіріліміне дайындық аясында актерлік құрам «Барыс» хоккей клубының жаттықтырушылары штабының бақылауында хоккей ойыны бойынша арнайы оқудан өтті.

Қазақстандық «Барыс» хоккей командасының жанкүйерлі көп. Телехикаяны тамашалағаннан кейін сол көпшіліктің қарасы қалыңдай түседі деген сенім мол. Әр бөлімі 40 минутқа шақталған телехикая бүгін “Хабар” арнасында 22:30-да көрерменге жол тартады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1945706-bugin-xabar-arnasynda-barys-generation-telexikayasy-korermenge-zol-tartady/

pixel