"Өлеңді қазақша да, орысша да жазатын": Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлына жантебірентерлік жазба арнады
Жарияланған күні:
Белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазының отбасы 16 жастағы ұлынан айырылып, қара жамылды. Атұстары қапыда қаза тапқан айтыскер үміт күткен ұлын үнемі жанынан бір елі тастамай жүргенін еске алды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Күтпеген оқыс жағдайдан есті енді ғана жиып отырған жайым бар. Мұндай ауыр сынақты Алла ешкімнің басына бермесін. Қайғырғанға басу айтып, қамыққанға ақыл айтып жүрген адам болсам да, жүрекке жазылмас сызат түсті. Енді оның емі тек Алланың тура жолы, исламның иман байлығы ғана болар. Тағдырға иман келтірген мұсылманбыз ғой. Бергеніне шүкірлік қылған Аллаға алғаны үшін күпірлік қылмаймыз.
Алдымен осы ең қиын сәтімде құлыншағымның қайғысын бөліскен барша қазақ халқына перзенттік һәм әкелік алғысымды айтамын. Төбесіне көтерген қара орман халқым болмаса, ешкім емес екенімді білемін. Алла жазса, енді қалған ғұмырымда қазағымның келешегі үшін қызмет етіп өтермін.
Мен президент Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесіп сөйлескен адам емеспін. Басыма қайғы түскенде, оны мемлекет басшысының бөліскенін азаматтық деп санаймын. Әлі өмірдің үлкен есігін ашып үлгермеген періште балам үшін менімен бірге қайғырып, көңіл айту хаттарын жолдаған президент әкімшілігіне, үкімет мүшелеріне, депуттаттарға, облыс әкімдеріне, ректорларға, ақпарат құралдарының басшыларына, бас мүфти бастаған дін қызметкерлеріне рахметімді айтамын", - деді айтыскер.
Сонымен қатар Серікзат Дүйсенғазы жалғыз ұлының бойына ер азаматқа тән барлық қасиетті сіңіріп өсіруге тырысқанын айтты.
"Жалғыз ұлым болған соң марқұм Әлиханымның бойына ер азаматқа тән барлық қасиетті сіңіріп өсіруге тырыстым. Өзім қандай да бір жақсы ортаға барсам, ертіп апарып көрсетіп жүретінмін. Екеуміз қолымыз бос уақытта атқа мініп, балық аулайтынбыз. Жазды күндері тауға шығып, көлге шомылсақ, қысты күндері коньки мен шаңғы тебетінбіз. Кішкентай күнінен қалаған кітаптарын сатып әперіп, білімді болуға тәрбиеледік. Қазақтың халық ертегілерінен, балалар әдебиетінің озық үлгілерінен, танымдық энциклопедиялардан өзінің жеке кітапханасын жасақтадық. Құранның әліппесін таныту үшін екі жыл "Әзірет Сұлтан" мешітінің жазғы имандылық курстарында оқыттым. Нәтижесі жаман болған жоқ.
Жетінші сыныпқа дейін мектеп-лицейде білім алды. Жетінші сыныпта дарынды балалар мектебіне қабылданды. Сол мектептің мықты ұстаздарының арқасында бойындағы ғалымдық қабілеті ашылды. Физика, информатика, робототехника салалары бойынша өткен қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жиырмадан аса сайысында олжа салды. Жоғары математика мен физиканы жақсы меңгерді.
Тіпті, оның жасаған өнертапқыштық жобаларын өткен жазда "Қазақстан" ұлттық арнасы түсіріп, эфирден көрсеткенін енді ғана біліп отырмын. Маған ол туралы өзі айтқан жоқ. Мақтанғанды ұнатпайтын. Арманы Никола Тесла сияқты инженер-өнертапқыш, ғалым болу еді. Алдағы ақпан айында жиырма үш мемлекет қатысатын халықаралық "Жәутіков" олимпиадасының оқу-жаттығу дайындығынан толық өткен-тұғын. Енді "медаль әкеледі" деп күтіп жүргенде осындай жағдайға душар болдық.
Әлиханымның тәп-тәуір ақын болғанын да өткенде ұстаздары жіберген өлеңдерінен таныдым. Баламның өлеңдер жазып жүргенін білетінмін. Өлеңді қазақша да, орысша да жазатын. Әсіресе, орыс тілі мұғалімі жіберген кейінгі өлеңдерінен қалыптасқан ақынның қолтаңбасын көріп аң-таң болып отырмын. Ол өлеңдерді кейінірек осы желіге саламын", - деді марқұм ұлын еске алған ақын.
Естеріңізге сала кетейік, айтыскер, ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы ұлы оқыс оқиға салдарынан қаза тапқан болатын.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын, мәдениет қайраткері Серікзат Дүйсенғазыға ұлы Әлиханның мезгілсіз дүниеден өтуіне орай көңіл айту жеделхатын жолдады.
Кейінірек ақынның өзі өмірден өткен ұлына жыр арнады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2005086-olendi-qazaqsa-da-oryssa-da-zazatyn-serikzat-duisengazy-marqum-ulyna-zantebirenterlik-zazba-arnady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.