Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дастан Қалдыбаев: Көрерменге мағынасыз туындыны көрсеткім келмейді

Опубликовано:

Дастан Қалдыбаев
Дастан Қалдыбаев. Фото: instagram.com/dastan_kaldybayev

Көпшілікке КВН ойыншысы болып танылып, бүгінде қазақстандық кино саласына үлесін қосып жүрген актер, сценарист Дастан Қалдыбаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Актер қазіргі таңда елде түсіріліп жатқан комедиялық фильмдерге өз бағасын беріп, неге әлеуметтік желіде белсенді емес екенін түсіндірді.

Дастан мырза, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет. Сұрақты сіз түсірген фильмдерден бастайықшы…

Мен бар-жоғы екі ғана фильм түсірдім. Телехикаяларды бұл тізімге қосып тұрған жоқпын. Біріншісі - "Күшік құда - квартиранты", екіншісі - "Донор". Екеуінің де кассасы жақсы болды. Қанша пайда көргенімді айтпай-ақ қояйын.

Ал сол фильмдеріңіздің нәтижесіне көңіліңіз толмаған кез болды ма?

Жұмыстарымның нәтижесін қарап отырып кемшіліктерді көремін. Онсыз болмайды деп ойлаймын. Кемшіліктер мен қателіктерді түзеу арқылы көш түзеледі. Халық көргенде, үлкен экраннан көрсеткенде оны көрермен тіпті байқамай да қалуы мүмкін. Ол тек ішкі жағын білгендіктен "қап, мына жерін өзгерте салу керек еді, басқаша болғанда дұрыс еді" деген өзімнің ішкі қарсылықтарым десе де болады.

Болашақта тағы да қандай туындымен көрерменді қуантуға ниеттісіз?

Дәл қазір тағы бір толықметражды фильмге сценарий жазып жатырмын. Әзірге атауын "Студент көке" деп қойдым. Мүмкін өзгеруі немесе өзгеріссіз де қалуы мүмкін.

Атауына қарасам, бұл да комедиялық бағыттағы фильм сияқты. Басқа жанрда бағыңызды сынау жоспарда жоқ па?

Егер байқасаңыздар - 100 пайыз комедиялық бағыт емес. Драма-комедиялық жанрға жатады. Яғни, ішінде комедиясы да, трагедиясы да, драмасы да бар. Мақсатым - анық. Көрерменге өтірік, мағынасыз туындыны көрсеткім келмейді. Сондай-ақ өмірден түңіліп, уайыммен де қайтқанын қаламаймын. Жылай отырып күліп, күле отырып жылап, өмірлік бір ой түйіп, сабақ алса деген мақсатым бар. Еш мағынасы жоқ фильм жасау қиын емес. Бірақ оның салмағы да болмайды. Ал проблеманы ашық көрсету де елді елең еткізбейді. Себебі халық ондай проблемаларға үйреніп қалған. Тек бір жолы бар: күлдіре отырып проблеманы көрсете отырып, діттеген мақсатқа жеткізу.

Байқағанымыз, Instagram-да аса белсенді емес екенсіз. Бұл әлеуметтік желіні әріптестеріңіз ең үлкен табыс көзіне айналдырып отыр. Неліктен сіз бұл бағытта жұмыс істемейсіз?

Мен мүлдем Instagram-шыл емеспін. Парақшам бар. Бірақ оны белсенді жүргізу менің қызығушылығыма кірмейді. Ешқандай фото, видео салмай жүре берем. Кейде адамдар хабарласып "сізден жарнама алайық деп едік. Бағасы қанша?" деп хабарласады. Мен ондай ақылы жарнама жасамаймын деп бірден айтамын.

Табыс көзінен бөлек Instagram ең үлкен жарнама алаңы ғой. Әлеуметтік желідегі белсенділік фильмді көруге келетін көрермен санына әсер етеді деп қорықпайсыз ба?

Әрине, әсер етеді. Көп әріптесім жеке парақшаны дамытыңыз, табысты арттырады деп айтады. Бірақ оған менің уақытым жоқ. Продакшннің жұмыс парақшасын жүргізіп жүрген қыз-жігіттер бар. Сол да жетеді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2009161-dastan-qaldybaev-korermenge-magynasyz-tuyndyny-korsetkim-kelmeidi/

pixel