Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау тұрғындары қалың қардың салдарынан жарық пен жылусыз қалды (фото)

Опубликовано:

Атырау қалың қардың астында қалды
Коммуналдық қызмет көшедегі қарды тазалау үстінде. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атыраудағы боран қаланың төтенше жағдайларға дайын еместігін көрсетті. Қаланың көп бөлігінде жарық сөніп, халық жылусыз қалды. Онымен қоса қала көшелерін қар басып, қала сыртындағы ауылдарға қатынайтын қоғамдық көліктер уақытша жүруін тоқтатты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

7 ақпанда Атырауда биыл алғаш рет қалың қар түсті. Синоптиктердің хабарлауынша, мұндай қалың қар өңірде соңғы жеті жылда жаумаған. Ақ түтек боран халықты әбігерге салды. Қаланың 33 шағын ауданы мен қала сыртындағы ауылдарда жарық өшіп, халық жылусыз отыруға мәжбүр болды. Геолог, Береке, Мұнайшы, Еркінқала, Рембаз, Сарыөзек және тағы басқа елді мекендерде апатты жағдай орын алып, тұрғындар бір тәулік жарықсыз қалды.

Атырау
Атырау. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Таңертең сөнген жарық пен жылу түнге дейін қосылмады. Үйде үш айлық баламыз бар. Ас бөлмедегі газ плитасын қосып баланы сол жерде ұстап отырдық. Түнге дейін жарық қосылмаған соң туысымыздың үйіне кеттік. Әкімдік тосыннан келген табиғи жағдайларға мүлдем дайын еместігін көрсетті",- дейді Жұмыскер мөлтек ауданының тұрғыны Радмила Тәңірбергенова.

Сонымен қатар қала маңындағы бес бағыт бойынша автобустың қозғалысы уақытша тоқтатылды. №50, 54, 55, 58, 64 автобустар қардың күрелмеуіне байланысты жолға шықпады. Жеке көлігі бар тұрғындар да таңғы уақытта қалың қардан өте алмай үйлеріне кері қайтқан.

"Жолдар мүлде тазартылмаған. Таңмен көлік батып қалып, кептеліс бірнеше шақырымға созылды. Ақыры өте алмай үйге кері қайттық. Жұмыс та қалды. Балалар ертең оффлайнға ауысады. Оларды мектепке қалай жеткізетініміз белгісіз. Өйткені қар әлі тазаланбады", - дейді қала маңындағы Дамбы ауылының тұрғыны Орынтай Бектемирова.

Атырау
Атырауда жауған қалың қар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қар тазалау жұмысына 40 техника, 250 қызметкер жұмылдырылған, яғни 8 трактор, 22 самосвал, 7 жүктиегіш, 3 топырақ шашатын арнайы көлік.

"Ең алдымен әлеуметтік маңызды нысандардың аумақтары – мектептер, ауруханалар, балабақшалар, жаяу жүргінші жолдары және қоғамдық көлік жүретін орталық жолдар мен көпірлер тазартылуда. Бұл жұмыстардан кейін қосалқы көшелер тазаланады", - деп жауап берді әкімдік өкілдері.

Алайда облыс әкімі Серік Шапкенов аймақтағы қар тазалау жұмыстары бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағанын айтып, қала әкімін қатаң сынға алды.

Атырау
Атыраудағы қоғамдық көлік. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қала әкімдігі қар жауатынын бірнеше күн бұрын білді. Синоптиктер алдын ала дабыл қақты. Штаб құрылмады деген сөз, қаланың жұмысында жүйелілік жоқ дегенді білдіреді. Облысқа қарасты барлық аудан өз штабымен жұмыс істеуде. Әркім өзінің функционалдық міндетін білуі керек. Ең бірінші кезекте халық пен қоғамдық көліктер көп жүретін жолдар ашылуы тиіс деп шешім қабылдадық. Алайда жұмыс көрінбейді. Әлеуметтік желіде халық әлі наразы. Алгоритм жасақтап, штаб құрыңыздар. Халықпен кері байланысты күшейтіңіздер! Call-орталықтардың жұмысын жүйелеңіздер", - деді Серік Шәпкенов.

Тұрғындар кей шағын аудандарда әлі де жарық жоқ екеніне, көліктердің қарға батып жатқандарын айтып шағымдануда.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008655-atyrau-turgyndary-qalyn-qardyn-saldarynan-zaryq-pen-zylusyz-qaldy-foto/

pixel