Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күйзеліске дейін барған кезім болды": Нұржан Халжан сахнадан көрінбей кетуінің себебін түсіндірді

Опубликовано:

Нұржан Халжан
Нұржан Халжан. Фото: instagram.com/nurzhan_halzhan

Ұзақ уақыт сахнадан көрінбей кеткен әнші Нұржан Халжан қазір қайтадан шығармашылыққа білек сыбана кірісті. Сахнаны сағынып оралған әнші өнер жолындағы үзіліске не себеп болғаны, өкініші мен алдағы жоспары туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Нұржан мырза, әңгімені шығармашылық жаңалықтан бастайықшы?

Әншінің басты жаңалығы - жаңа әндермен байланысты болады ғой. Қазір сол репертуарға көп көңіл бөлудемін. Жаңа ән жазып, ізденіс үстіндемін.

Үлкен үзілістен соң шығармашылыққа кірісу қиынға соққан жоқ па?

Аса қиын болды деп айта алмаймын. Мен бала кезден өнердің ішінде жүрдім. Ес білгелі ән салып келемін. Одан бөлек, мен сахнадан көрінбесем де тойда өнер көрсетіп жүрдім. Әріптестеріммен үнемі байланыста болдым. Жалпы өнердің қазанынан алыстай қоймадым.

Ұзақ уақыт сахнадан көрінбеуіңіздің басты себебі қандай?

Нақты себеп осы деп айта алмаймын. Өйткені, ол жерде жеке өміріме де қатысты, жол апатынан кейінгі әртүрлі сынақ сияқты тағы басқа себептер болды. Шығармашылық тоқырау да болды. Соның бәрі әсер етіп, тоқтап қалдым. Адам бір тоқтаған соң қайтадан күш алып, алға қарай жүріп кетуі қиын болады екен.

Осы үзіліс кезінде қаншалықты көрермен ілтипатын сағындыңыз?

Бала кезден сахнада жүргендіктен көрермен қошеметіне үйреніп қалған едім. Үзіліс кезінде өте қиын болды. Әсіресе теледидардан, Instagram-нан, тойлардан басқа әншілерге деген халықтың ықыласы мен қошыметін көрген кезде "Менде де осындай болды ғой... Қалай ғана бәрі тоқтап қалды?" деген сияқты іштей өзімді жейтін кездер болды. Бұл - көреалмаушылық немесе қызғаныш емес. Қолда барда алтынның қадірін білмей қалдым-ау, деген өзіме өкініш еді. Шынында да халықтың ілтипатын ерекше сағынған кездерім өте көп болды. Өнер адамына халықтың қошеметі, ілтипаты, бір ауыз жылы сөзі шабыт береді. Кейде шаршап келе жатқанда "Сенің даусың керемет. Сен сияқты әншілер керек", - деген әлеуметтік желідегі комментарийдің өзі үлкен күш-жігер береді.

Сахнадан алыстаған өнер иесі депрессияда жүреді деген сөз рас па? Өзіңізде сондай стресс, депрессия болды ма?

Иә, ол - рас. Өзімнің де басымнан өтті. Сахнаға деген сағынышым депрессияға әкелді. Әсіресе, теледидардан немесе әлеуметтік желіден әріптестеріміздің өнерін, халықтың оларға деген махаббатын көрген кезде "Менің де дауысым бар. Неге мен тоқтап қалдым? Неге бұлай болды? Неге? Неге?" деген сұрақтармен өз-өзімді жеп, күйзеліске дейін барған кездер болды. Мен тойға барған кезде жанашыр әріптестерім немесе жай ғана көрермендерім "Нұржан, сіз неге шықпайсыз? Сізде көп мүмкіндіктер бар ғой" деп жазған сайын жүрекке қанжар қадағандай болатын. Жараның бетін қаси берсеңіз, ол асқына береді ғой. Мендегі сахнаға деген сағыныш пен депрессияда солай күшейе беретін.

Жұмысты бастап жатырсыз. Бұрынғы және қазіргі шоу бизнесте қандай өзгеріс бар екен?

Мен шетелге көшіп кеткен жоқпын. Сахнадан көрінбесем де, сыртында өнерді сараптап, бағалап жүрдім. Бір ғана үлкен айырмашылық бар. Бұрын халыққа баяу, лирикалық әндер ұнайтын. Ал қазір жастардың 90 пайызы тез, тойға арналған әндермен халықтың көңіліне жол табуда. Кейде бұрынғы бағытта қалғаным дұрыс па, әлде сұранысқа ұсыныс деп, менде жастардың бағытында тез, билеуге ыңғайлы той әндерін жазғаным жөн бе деп ойланып қаламын.

Көп әнші халықтың талғамын түсіну, хит ән табу қиын дейді. Сізде мұндай мәселе бар ма?

Иә, адамдар "халықтың талғамын түсіну қиын" деп айтып жүр. Бірақ бұл жерде жауапкершілікті тек халықтың талғамына жүктеп қоюға болмайды. Бұл - менің ойым. Мысалы, зауыт қандай тауар шығарады - соны халыққа ұсынады ғой. Біз зауытқа барып "Бұл ұнамайды, мынадай тауар шығарыңыз" деп айтпаймыз ғой. Дәл солай. Біз, әншілер қандай ән шығарамыз халық соны тыңдайды. Халық осындай әнді тыңдап жүр екен деп бәріміз сол бағытта ән жазып ұсына берсек, әншінің өз бағыты, қолтаңбасы жоғалады. Мен қазіргі жастарға ризамын. Бірнеше жыл бұрын шоу-бизнестің бағыты тек тойға икемделіп бара жатқан еді. Жастар жаңа леппен келіп, тыңдарманға жаңа музыка, жаңа әуен сыйлады. Мен өзіме ұнайтын, жүрегім қалаған әндерді ғана жазамын. Менің түсінгенім - жүректен шыққан ән жүрекке жетеді.

Қазір әріптестеріңіздің қосымша басты табыс көзі әлеуметтік желі екенін ақиқат. Өзіңіз желіде қаншалықты белсендісіз?

Иә, Instagram қазір қосалқы табыс көзі ретінде үлкен мүмкіндік. Тек табыс емес, үлкен жарнама алаңы екенін де ескеру қажет. Мен үлкен қомақты қаржы тауып жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ кейде аяқ киім, костюм т.б. қажетті заттарға жарнама жасау туралы ұсыныс түсіп отырады. Ақшаға емес, бартерге жұмыс жасап жүрген жайым бар.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2016161-kuizeliske-deiin-bargan-kezim-boldy-nurzan-xalzan-saxnadan-korinbei-ketuinin-sebebin-tusindirdi/

pixel