Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бізге не көрінді, ағайын?!": Бекжан Тұрыс домбыраны "харам" дейтіндерге жауап берді (видео)

Жарияланған күні:

Бекжан Тұрыс
Бекжан Тұрыс. Фото: instagram.com/bekzhan_turys

Танымал актер Бекжан Тұрыс соңғы уақытта қазақтың ұлттық аспабы домбыраны "харам" дейтіндердің көбейгенін айтып, тыйым салуды ұсынды. Өнер иесі бұл жайлы Instagram парақшасында жазба жариялап, көпшілікке челлендж жолдады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Актердің айтуынша, ол жаңа түсірілім жұмыстарына байланысты біраз уақыт әлеуметтік желіден қол үзіп қалған.

"Қолынан домбыра тастамаған қазақтың бірі ретінде мұндайға бей-жай қарай алмаймын. 70 жыл орыстың боданында отырғанда, өз ұлтымның ауызымен "қазақтың домбырасы - арам" дегенді ешкім айтқызбап еді. Ұмытпасам, эфирде "Терме" дейтін хабар да жүрді. Ал тәуелсіздік алған соң бізге не көрінді, ағайын?! Түсінгім-ақ келеді, бірақ…

Діннің атын жамылып, ұлттық құндылықтарымызға тиісу қайдан шықты? Қай кезде белең алды бұл? Анығында, ұлтының қастерлі мұрасынан безгендердің түсінігі бұл. Әйтпесе кез келген халықтың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы өз ұлты үшін қасиетті саналатынын білмей ме, бүкіл қазақ? Домбыра - қазақтың жаны, бабадан қалған бағзы мұрасы. Бірақ көне заманнан бері қазақтың жүрек қылын, даланың терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресін шертіп келе жатқан ұлттық аспапты қазақтан айыру басталған сияқты. Әлдекімдердің әдейі ұйымдастырған тапсырысы тәрізді көрінгені де рас. Бір мезгілде, бірінен соң бірі, кезекпен неге бұлай айтып жатқаны осындай ойға жетеледі", - деп жазды Бекжан Тұрыс.

Сонымен қатар актер мұндай видео мен әрекетке тыйым салыну керектігін де айта кетті.

"Домбыраны "харам" деп жүргендің әрекетіне тыйым салынуы керек. Уақыт келді. Тұтас ұлт болып ұлттық аспабымыз - қасиетті домбырадан қазақты бездіргісі келетіндерге жауап ретінде қолынан домбырасы түспеген дәстүрлі әнші-күйшілер мен барша қазақтан әлеуметтік желіде тек домбыра жайлы арнайы пост жариялап отыруын өтінем. Қағынан жерігендердің теріс насихатына, дәстүр-салтымыз бен ұлттық мәдениетімізге қарсы шабуыл жасайтындарға арнайы заң қабылданып, белгілі бір шара қолданғанша бұл челенедж үзілмесе деймін.

Әр қазақ арнайы пост жазбаса да, домбырамен айтылған ән немесе күйді парақшасына күнде жариялап отыруға тиіс. Ұсыныс-өтінішіме немқұрайлы қарамайды деп сенем. Қазақты дәстүр-салтынан, ұлттық музыкасынан айырып, ұлт ретінде жойғысы келетіндердің әрекетіне жол жоқ. Осыны түсінетін кез жетті. Сүрініп кетпе, қазақ баласы, сүрініп кетпе!", - деді Бекжан Тұрыс.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев домбыраны "харамға" теңеген ер адамның видеосына пікір білдірген болатын.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде хиджабтағы әйелдің домбыраны харам заттар қатарына жатқызғаны туралы видео тарады. Аталған уағызға қатысты имам Нұрлан Байжігітұлы пікір білдірді.

Сонымен қатар Қазақстан діни басқармасы желіде тараған мұндай видеолар мен домбыраны харамға теңеудің дұрыс еместігін айтып, мәлімдеме жасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2036290-bizge-ne-korindi-agaiyn-bekzan-turys-dombyrany-xaram-deitinderdin-kobeigenin-aityp-dabyl-qaqty-video/