Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейде қала күнінде өнер көрсеткен танымал әншілерге бюджеттен 8 млн теңге гонорар берілген

Опубликовано:

Семейдегі қала күні
Мерекелік концертте ән айтқан Raim. Видеодан кадр: instagram.com/semey_akimdigi

Бір жыл бұрын облыс орталығы атанған Семейде қала күні жылдағыдан ерекше атап өтілді. Семей сахнасында Маржан Арапбаева, Нұрболат Абдуллин, Raim, Еркеш Хасен сынды танымал отандық жұлдыздар өнер көрсеткен. Қала әкімдігі аталған әншілер мен кеш жүргізушілеріне жиыны 8 млн теңге гонорар берген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Семейде қала күні кеше, 17 қыркүйекте атап өтілді. Мереке аясында қала тұрғындары эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертке, велошеру, "Футбол жолы" спорт фестивалі, отшашуға куә болды.

Қала күнінің жылдағыдан ерекше тойлануына жергілікті әкімдік барынша дайындалған. Семей қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қала күніне Қазақстанның эстрада әншілері Нұрболат Абдуллин, Маржан Арапбаева, Raim, Еркеш Хасен мен танымал жүргізуші Ғалымжан Кеңшілік шақыртылған. Олардың гонорарына бюджет қаражатынан 8 млн теңге жұмсалған. Айта кетерлігі, Мәди Рымбаев, Әли Оқапов және Илья Ильин жергілікті бюджетке салмақ салмаған.

"Қала күні жылдағы сарыннан бөлек, ерекше форматта атап өтілді. Қала күніне орай Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев, спортшы Илья Ильин "Аман келешек" бағдарламасы арқылы тегін келді. Сондай-ақ велошеру, "Футбол жолы", және тағы басқа бағдарламалар Қазақстан бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар, аталған бағдарламаларды қалалық әкімдік ұйымдастырушылардың бастамасын қолдап, қала күнін мерекелеу аясында өткізді. Қазақстанның эстрада әншілері мен кеш жүргізушілерін шақыруға бюджет қаражатынан 8 млн теңге жұмсалды", - делінген баспасөз хабарламасында.

Бұдан бөлек жергілікті өнерпаздардың қатысуымен, қалалық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен 15-тен астам іс-шара өткен.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі қала күнін жоғары дәрежеде атап өтуге демеушілер де үлес қосқанын жеткізді. Атап айтқанда отшашу және басқа да шығындарды демеушілер өз қалталарынан төлеген.

Сондай-ақ Ертіс өзенінің оң жағалауында қала кондитерлері бірлесіп қала күніне орай 20 метрден асатын тәтті торт әзірледі. Тортты кондитерлер қала тұрғындарымен бірлесіп безендірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2037053-semeide-qala-kuninde-oner-korsetken-tanymal-ansilerge-byudzetten-8-mln-tenge-gonorar-berilgen/

pixel