Ақтөбе облысының экс-әкімдері Архимед Мұхамбетов пен Оңдасын Оразалин "Ақтөбе-Ордабасы" футбол командаларының ойынын стадионның VIP кабинасында отырып тамашалады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Кеше, 16 қыркүйекте "Ақтөбе" өз алаңында Шымкенттің "Ордабасы" командасын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
"Алқызылдарды" қолдауға келгендердің көп болғаны соншалық стадионда ине шаншар жер болмады. Ойынды көруге келгендер арасында облыстың жаңа әкімі де болды. Асхат Шахаров ойынды көпшілікпен бірге трибунада отырып қарады.
Сонымен қатар ойынға жанкүйерлік етуге Ақтөбе облысының бұрынғы әкімдері Архимед Мұхамбетов пен Оңдасын Оразалин де келді. Олар ойынды стадионның VIP залында отырып тамашалады.
Ойыннан кейін KAZ.NUR.KZ тілшісі саяси алаңнан алшақтап кеткен экс-шенділердің қазір қайда жүргенін сұрады.
Оңдасын Оразалин "Астанадамын" деп қысқа қайырды. Ал Архимед Бегежанұлы: "Мен Аст… недемін, Алматыдамын" деп қоштасты. Кейін Ақтөбе облысының экс-әкімдері бір көлікке отырып кетті.
Естеріңізге салсақ, Оңдасын Оразалин 2019-2022 жылдары Ақтөбе облысын басқарды. 2020 жылы президент оған коронавирус індетінің таралуына қарсы міндеттерді шала орындағаны үшін сөгіс берген болатын. Экс-шенді - Ақтөбе өңірінің тумасы.
Ал Архимед Мұхамбетов Ақтөбе облысын 2011-2015 жылдары басқарды. 2015-2022 жылдар аралығында Қостанай облысының әкімі болды. Жеті жыл Қостанай өңірін басқарған ол бір жылдан аса уақыт саяси алаңда көрінген жоқ. Ол - Ақтөбе облысы Алға ауданының тумасы.
Авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2036905-aqtobenin-aks-akimderi-futboldy-vip-kabinada-otyryp-tamasalady-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.