"Халық жалықса екен деп тіледім": Гүлнұр Мамасарипова "Келінжан" сериалының жалғасын түсіру туралы ойын айтты
Жарияланған күні:
"Келінжан" телехикаясы соңғы бес маусымда рейтингі ең жоғары, желіде қаралымы көп сериал атанды. Туындының екі толықметрлі нұсқасы шықса да жалғасын сұраушылардың саны толастар емес. Алайда телехикая мен фильм продюсері Гүлнұр Мамасарипова оның жалғасын түсіргісі келмейді. Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.
- Гүлнұр ханым, кезекті фильм құтты болсын. Касса жинаудан рекорд жасауға тілекшіміз. "Келінжан-2" картинасы алдыңғы фильмнен несімен ерекшеленеді?
- Бұл тіпті басқа оқиға. Сериалға да, "Келінжан-1" туындысына да еш қатысы жоқ. Жеке, дербес. Көрермен көрген кезде түсінеді. Бұрын "Келінжанды" көрген адам да, көрмеген адам да түсіне береді.
- Бірнеше маусым "Келінжан" сериалын, екі мәрте толықметрлі нұсқасын түсірдіңіз. Өзіңіз бұл туындыдан шаршамадыңыз ба?
Былтыр бір толықметр фильммен бәріне нүкте қоямыз деп ойлаған едім. Бірақ телеарна бесінші маусымды түсіру туралы қолқа салды. Көпке дейін мен келісім берген жоқпын. Соңғы көз актерлерде болсын дедім. Себебі бір актер болмай қалса, актерлік құрамы өзгеретін болса ол "Келінжан" емес. Төртінші маусымда 40 бөлім болды ғой. Әбден щаршап, болды, осымен бітсін деп кеткен еді. Арадағы үзілістен соң "қайта түсуге дайынбыз" деп келісті. Осылайша телесериалдың бесінші маусымын түсіріп, жақсы ықыласқа бөлендік. Сол кезде енді толықметрдің екінші бөлімін түсіріп көрейін деген продюсерлік идея келді. Себебі толықметрлі фильмге де сұраныс ерекше болды. Міне, халықтың сұранысы мен продюсерлік идеяның жемісі үлкен кинотеатрларда көрсетіле бастады.
- Көрермен сериалдың алтыншы маусымын көруі мүмкін бе?
- Мен осы бесінші маусымда халық жалықса екен деп тіледім. Менде кинопродюсер ретінде басқа дүниелер жасағым келеді. Мен өзім бір маусымда он сериал түсіретін адам емеспін. Мен үшін сериалдардың саны емес, сапасы маңызды. Жыл сайын "Келінжанмен" айналысамын. Осы бесінші маусымнан кейін "болды, қойыңдар! Жалықтық" деп халық жазса, айтса екен деп тіледім. Бірақ, көрерменнің 99 пайызы алтыншы маусымды күтетін жазып, жалғасын түсіруімізді сұрап жүр. Бірақ осы жолы мен шынымен де тоқтатқым келіп тұр. Жыл сайын жалғасы шықпайды деп айтамын да, көп ұзамай келесі маусымды бастап кетіп жүрміз. Сондықтан қазір кесіп ештеңе айтқым кеп тұрған жоқ. Мен алты жыл өмірімді "Келінжанға" беріппін. Енді "Келінжаннан" басқа да дүниелер жасап көргім келеді. "Келінжанның" актерлерінен шаршадым деп кейде әзілдеп қоямын. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді. Мүмкін бұл актерлермен басқа жанрдағы, бағыттағы туындыларды да жасағанымыз дұрыс болар.
- Тура осы комедияға ұқсас тағы бір толықметрлі фильм түсіріп тәмамдағаныңызды білеміз. Толығырақ айтып өтесіз бе?
"Жар-жар" деген "Келінжанның" аудиториясына арналған фильм. Алла қаласа, қараша айында үлкен экранға жол тартады.
- Қазір түсіріліп жүрген кино да көп, кинопродюсерлер де көп. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқты көбейіп келеді. Мұндай қарқынға көзқарасыңыз қалай?
Көзқарасым түзу. Әріптестерім көбейген сайын қуанамын. Қазір кино boom болып жатыр. Табиғи іріктеу өздігінен болып, мықтылары қалады. Ал тек ақша мен бизнесті көздеп келгендері өз уақытында тізімнен шығып кетеді. Сапалысын халық өзі-ақ іріктеп алады. Мен мынау жақсы, анау жаман деп пікір білдіруден аулақпын.
Сұқбаттасқан Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2042369-xalyq-zalyqsa-eken-dep-tiledim-gulnur-mamasaripova-kelinzan-telexikayasynyn-zalgasyn-tusiru-turaly-oiyn-aitty/