Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екіге бөлінейін деп тұр": Ақтөбе облысында едені жарық қала аралық автобус елдің ашуын туғызды

Опубликовано:

автобус салоны
Автобус едені. Видеодан кадр: Instagram/aqtobe_sergek

Әлеуметтік желіде тозығы жеткен автобустың видеосы тарады. Онда қоғамдық көлік Хромтау мен Ақтөбе арасында қатынайтын автобус екені айтылған. Екіге бөлінуге шақ тұрған автобус техникалық ақауға қарамастан жолаушы тасымалдап жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көптің ашуын келтірген бейнежазба Instagram-да пайда болды. Видеоны паблик оқырманы түсірген.

"Мен Африкада деп ойласам", "Қорқынышты фильм секілді", "Бұл қандай автобус болғаны?! Екіге бөлініп қалайын деп тұр", - деп жазды бейнежазбаны көрген желі қолданушылары.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, облыс бойынша ауданаралық қатынас бойынша 11 бағыт ұйымдастырылған. Ақтөбеден Хромтауға, Қобда, Мәртөк, Алға бағыттары бар.

"Хромтау бағытында қиын жағдай туындап тұр. Автобустар ескірген. Негізі келісімшарт 2013 жылы жасалды. Биыл 10 жыл болды. 90 жылғы ескі автобустар болғандықтан ол шарт талаптарын орындай алмай отыр. Күнделікті 10-12 рейс жасау керек болса, ол күніне 3-6 рейс жасап отыр.

Қиын жағдайға байланысты биыл тамыз айында басқа бір мекемені шақырып, "Қала транс" желіге қосымша 5 автобус шығарды.

Өкінішке қарай, жолдың жағдайына байланысты келген автобустар да ескі. Жолда жиі бұзылып қалады. Жағдайы нашар, сондықтан осындай қиын жағдай болып тұр", - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Есбол Базарғалиев.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, ауданаралық байланысты ұйымдастырып отырған "Керуен" ЖШС 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Автобустарының бәрі 1989-1990 жылдардағы көлік. Қазіргі таңда серіктестіктің сегіз автобусы да бұзылып тұр.

"Жақында қосымша автобустар әкелуге "Қала транс" ЖШС-мен арада кездесу болады. Жаңа автобус болмағанымен, жағдайы жақсы болуы керек. Автобустар күнделікті рейске шыққанда техникалық байқауды механик жүргізуі тиіс. Бұл жағдай бойынша шара қолданамыз.

"Керуен" ЖШС Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы автобус алуға бір жыл бұрын сұраныс беріп қойды. Қазір қаралып жатыр. "Ақтөбе" ӘКК арқылы кепілдік алса, 10 автобус алынады", - дейді Есбол Базарғалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042253-ekige-bolineiin-dep-tur-aqtobe-oblysynda-edeni-zaryq-qala-aralyq-avtobus-eldin-asuyn-tugyzdy/

pixel