Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл туралы үшінші күні білдім": Роза Рымбаева ұлының орден алуына қатысты дау туралы алғаш рет пікір білдірді

Опубликовано:

Әли Оқапов анасы Роза Рымбаевамен
Әли Оқапов анасы Роза Рымбаевамен. Фото: Instagram/aliokapov

Қазақстандық әнші Әли Оқапов пен оның анасы Роза Рымбаева Динара Сәтжанға берген сұхбатында "Құрмет" орденін алғаннан кейін болған дау туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Естеріңізде болса, биылғы қазанда Әли Оқапов "Құрмет" орденін алған. Алайда желідегі хейттен кейін әнші орденнен ғана емес, барлық марапатынан бас тартуға дайын екенін мәлімдеді.

Жуырда Динара Сәтжанға берген сұхбатында Оқапов "Құрмет" ордені туралы алғаш рет қашан естігенін айтқан.

"Министрлік жарты жыл бұрын өмірбаянымды сұратқан, сол кезде әртісті қандай да бір шараға шақырса, белгілі бір гонорар беруі үшін біліктілігін осылай тексереді деп ойладым, ол жерде жоғары білімің, атақтарың, қандай қаражатқа лайық болатының, жалпы осындай мәселе үшін сұратқан деп ойлап қалдым.

Барлық дипломымды, әлеуметтік жобаларымды жібердім, өмірбаяным бар файлды да жібердім. Дерекқорға қажет шығар деп ойладым. Бірақ бәрі осы үшін жасалған екен. Мен білмедім, марапаттайтын күн қарсаңында түнде моншаға барғанмын. Сол кезде ертең кездесу болады деп, қоңырау шалды. Таныстыру кеші шығар деп ойладым, себебі барлық марапат бір күн бұрын Астанада берілген, Рамазан аға, Димаш 24 қазанда сыйлық алған. Бәрі өтіп кетті деп ойладым", - дейді әнші.

Әли кешке министрліктегі мәдениет саласына жауапты адамдармен кездесу болады екен деп, ресми стильде киніп барған.

"Қарап отырсам, марапаттау жүріп жатыр екен. Өтірік айтпай-ақ қояйын, маған да бірдеңе беретін щығар деп ойладым, бір кішігірім медаль ма, жастарға арналғанын. Сол кезде ғана ордендердің деңгейі туралы біле бастадым. Сол кезде фамилиямды атап жіберді, біреулер марапатты видеоға түсіріп үлгеріпті. Таңғалғаным сол видеодан көрініп-ақ тұр", - дейді Әли.

Ал дауды әнші өте ауыр қабылдаған. Мемсыйлықты қайтару үшін заңдарды қарастырғанын да жасырмады.

"Мемсыйлықтарды қайтару туралы норма жоқ, ешкім марапаттан ешқашан бас тартпаған. Қылмыс болса ғана, марапаттарды алып қояды, осы нұсқаны да қарастырдым", - дейді әнші.

Әли хейтпен қатар, көптеген жанның қолдауын да сезінгенін айтады. Осы кезде Динара Сәтжан Роза Рымбаевадан желіде Әлиді сынағандарға қалай қарайтынын сұрады.

"Бұл туралы үшінші күні ғана білдім. Алдында балама орден беріп жатыр дегенді естігенмін. Таңғалып, осы күйде сахнаға ән шырқауға шықтым, жағымсыз нәрселер айтылатын бағдарламаларды ешқашан қарамаймын. Ұлдарым мені бәрінен қорғап жүрді. Әлишка марапаттарынан бас тартатынын білгенімде жұмыс істеп отырған сәтім еді. Мәдиге де қиын болды, бауырына уайымдағаны ғой: "Мама, оған ауыр тиді, күйіне қарашы, қалай ауыр тигенін өзі де айтып отыр" деді. Осыдан кейін түні бойы көз ілмей шықтым. Не жыларымды, не шыдарымды білмедім. Жұрттың жазғанын оқымағаным қандай жақсы болған", - дейді Роза Рымбаева.

Оның айтуынша, орден өмірге ешқандай өзгеріс әкелмейді. Ұстанымын да, кәсібилігін де өзгерте қоймайды.

"Бұл мамандықта, шығармашылықта жүргеніме 50 жылға жуықтады. Музыкалық мектептегі алғашқы сыныбынан-ақ ұлдарымда кәсіби білім бар. Бұған уайымым жоқ. Олар педагог бола алады, басқару ісіне араласа алады, оркестр құрамында пианиношы, сазгер, музыка өңдеушісі бола алады. Бұл марапаттың, құрметті атақтың бәрі өмірімізге өзгеріс әкеле алмайды, байып кеткеніміз жоқ, миллионер болып кетпедік, таңнан кешке дейін тойдан шықпайтын сұранысқа да ие болмадық. Өз жұмысымызбен айналысып жүрміз, сол күйі жалғастыра береміз", - дейді Қазақстанның халық әртісі.

Еске сала кетейік, бүгін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әлидің марапаттан бас тартуына қатысты пікір білдірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2044776-bul-turaly-usinsi-kuni-gana-bildim-roza-rymbaeva-ulynyn-orden-aluyna-qatysty-dau-turaly-algas-ret-pikir-bildirdi/

pixel