Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дайындауға бір ай кетті": Заңғар Нұртас үйлену тойында бес қабатты торт кесті (видео)

Опубликовано:

Бес қабатты торт
Заңғар мен Индираның үйлену тойы. Видеодан кадр: instagram.com/iskakov_showman

Кеше Алматыда эстрада әншісі Қайрат Нұртастың інісі Заңғардың үйлену тойы өтті. Жұлдызды әулеттің қонақтары - ең жақын туыстары, құда-жекжат, достары мен өнердегі әріптестері жас жұбайларға ақ тілегін арнады. Сондай-ақ кеш қонақтарына салмағы 16 килограмдық болатын бес қабатты торт ұсынылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматыдағы зәулім мейрамханалардың бірінде өткен Заңғардың үйлену тойына 300-ге жуық қонақ шақырылыпты. Алайда той иесі Гүлзира Айдарбекованың сөзінше, қонақ саны одан да көп болған.

"Осы жолы 500 адамға той жасамай-ақ қояйық, кішігірім той болсын дедік. 300 адам шақырдық. Қайраттың айтуымен мейрамхана таңдадық, бәрі ұнады", - дейді Гүлзира Айдарбекова.

Қайраттың әкесі Нұртас Айдарбеков те тойға шақырған қонақтардың бәрі келгеніне риза екенін айтады.

Гүлзира Айдарбекова күйеуімен
Гүлзира Айдарбекова мен Нұртас Айдарбеков той қонақтарымен. Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

"Бәрі келді, артығымен келді. Құдай кең болсаң, кем болмайсың дейді ғой, бәрі де сыяды", - дейді той иесі.

Жаңа түскен келіннің бетін айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов ашты.

Жұлдызды әулетке келін болып түскен Индираны желіде енесіне ұқсатып жатқандар көп. Осыған қатысты Гүлзира Айдарбекованың өзі пікір білдірді.

"Әрине, жұрттың бәрі ұқсайды дейді ғой. Енді көреміз ғой... Әзірге жақсы, ойымыздан шығып жатыр. Әлі кішкентай қыз ғой. Бар-жоғы 20-да. Үйренері көп", - дейді Заңғардың анасы.

Той үстінде Заңғардың өзімен де пікірлесудің сәті түсті. Оның айтуынша, Индираға бір көргеннен ғашық болып қалған.

"Тойханада таныстық, ғашық болып қалдым. Арада бес ай өтті. Міне отбасын құрып жатырмыз. Тойды ең жақын адамдарымызбен кішігірім тойханада атап өтеміз деп шештік. Үлкен болса, атмосфера мұндай болмайды", - дейді Заңғар Нұртас.

Отбасылық шараға қонақ болып келген әнші Құдайберген Бекіш Айдарбековтер отбасының әр тойынан қалмайтынын айтады.

"Негізі осы кісілердің тойлары қашан да эксклюзив болып өтеді. Гүлзира ханыммен, Нұртаспен 20 жыл туыспыз, доспыз, біз қашанда жақсылыққа ортақпыз. Заңғар баламызды кішкентайынан білеміз. Қайратты да білеміз. Біргеміз. Көңілді той болды. Қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары келіп отыр. Бұл кісілердің жүрегі кең. Қашан да дастархандары мол. Мені ағасы ретінде, өнердегі ағалары ретінде әрқашан да тойдан қалдырмайды. Екі жасқа бақыт тілеймін. Дендері сау болсын, балалары көп болсын, үбірлі-шүбірлі болсын, халықтың ардақты, аяулы азаматтары болсын", - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құдайберген Бекіш.

Бегілі қобызшы, әнші, Заңғардың бөлесі Ақерке Тәжібаева да отау құрған жастарға тілегін арнады.

"Әр адам үшін үйлену тойы, отау көтеру өміріндегі ең негізгі ұмытылмас сәттердің бірі. Сондықтан тілейтінім, ең бірінші адал жар болсын. Тәтті әрі мағыналы махаббат тілеймін. Сабырлық тілеймін. Отбасы болғаннан кейін міндетті түрде адам бір-біріне төселе білуі керек. Сабырлық, түсіністік, қолдау қажет. Бір-бірін қолдап, кешірімді бола білсе, махаббат та, отбасы да ұзағынан болады деген ойдамын. Екі жасқа бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін. Көп ұзамай кішкентайлы болып, сол тойда барлығымыз бас қосып, қызметтесіп, қуаныштарына ортақтасып келіп отырайық. Бар жақсылықты тілеймін, үлкен әпкелері мен ағаларынан үлгі алып, әке-шешелерінен үлгі алып, бақытты, берекелі, ырысты жанұя болсын", - дейді ол.

Заңғар Нұртастың үйлену тойы
Ақерке Тәжібаева жас келін Индирамен. Фото: instagram.com/akerke_tazhibayeva

Айтуынша, ол осы тойға дейін жаңа түскен келінді көрмеген.

"Шынын айтсам, Швецияда гастрольде болдым, одан кейін қызыммен Дубайға барып келдім. Ұзатуға бара алмадым. Сондықтан келінді тойға дейін көрген жоқпыз. Сыртынан білеміз, Гүлзира әпкем айтып отырады. Гүлзира әпкеме қатты ұнап жатыр. Үйге, жұмысқа пысық деп жатыр. Алла бұйырса ең бастысы бір-бірін түсініп, бақытты болса, біз де оларға қарап қуанамыз", - дейді музыкант.

Тойдың көркін қыздырған танымал әншілерден бөлек, осы кешке арнайы даярланған шымкенттік кондитерлердің тәтті тортын ерекше атап өту керек.

Тортты әзірлеу жұмыстары бір ай бұрын басталған. Құрамындағы заттар Шымкенттен әкелініп, Алматыда үш күн бойы құрастырылған. Бес қабатты торттың авторы Камила есімді кондитер оны қалай дайындағанын айтып берді.

"Торттың салмағы 13 кг. Бес қабатты. Заңғар мырзаға жеңілдікпен 300 000 теңгеге шықты, негізі 500 000 тг тұрады. Біз арнайы Шымкент қаласынан келіп отырмыз. Осы жаққа заттарымызды алып келіп, торт әзірледік. Мен өзім Қайрат ағаның қыздарына торт жасауды үйреткенмін. Осындай жиындар болса торт жасап беріп жүремін. Тортты әзірлеуге бір ай кетті. Барлық жері жеуге келеді. Барлығы мастика, терезелерін қарасаңыз, соның өзі жеуге келеді, шоколадтан", - дейді Камила.

23 жастағы кондитер торт әзірлеумен 16 жасынан бастап айналысады екен. Одан бөлек Заңғармен мамандығы бір - Қытайда қытай тілін оқыған. Қазір кондитерлікке қайта оралған.

"Бұл - ең қымбат тортым. Жалпы бисквитін пісіруге үш күн кетті. Үлкен тоңазытқышта 10 күнге дейін сақталады", - дейді кондитер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2045487-daiyndauga-bir-ai-ketti-zangar-nurtas-uilenu-toiynda-bes-qabatty-tort-kesti-video/

pixel