Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әрі кетсе 3-4 ай тыңдалады": белгілі композитор жас әншілердің заманауи сипаттағы әндерін сынады

Опубликовано:

Бақтығали Жұмалин
Бақтығали Жұмалин. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бақыт деген", "Көзіңнен айналайын" атты әндердің авторы Бақтығали Жұмалин - еліміздегі танымал композиторлардың бірі. Бір кездері ел аузында жүрген әндерді шығарған композитор қазіргі әншілердің орындауындағы әндерге қатысты сын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атақты композитор Бақтығали Жұмалин париоттық, тәрбиелік мәні жоқ әндердің көбейіп кеткеніне қынжылады. Айтуынша, дауыс диапазоны жоқ әншілер бір октавамен-ақ танылып жүр.

"Қазір жас әнші көп. Көпшілігін танымаймын. Сөздерінде мағына жоқ. Аранжировкамен өңдеп, әдемілеп шығарып жатыр. Заманауи дыбыстар қосады. Интернетте бәрі әнші, бәрі жұлдыз. Бұрынғыдай өміршең ән жоқ. Бәрінде бір айтылатын ән. Әрі кетсе 3-4 ай тыңдалады, арзан әндер. Тыңдарманға оғаштау әндер де ұсынылады. Қайрат Нұртас кезінде көтеріліп, қайтадан түсті-ау деймін. Мүмкін жастар арасында танымал болар. Шәмші Қалдаяқовтың, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуовтың әндері әлі күнге әсерлі. Қазіргі жастардың әндерінде патриотизм, тәрбие, мағына жоқ. Қазақтың әуені өзгерді. Мүмкін олар біздікін ұнатпас", - дейді ол.

Композитор әні мен сөзін өздері шығарып, өздері орындап жүрген жастар туралы да пікірін айтты.

"Raim-ды тыңдамаймын. Өздері композитор, өздері әнші, өздері аранжировкасын жасайды. Шетелдік стиль басым. Соларды көп тыңдап, 1-2 тактыны болсын алады. Қазір қолданып жатқан дыбыстар, компьютерлік инструмент дыбыстың бәрі сол жақтан келіп жатыр. Оны жастар жақсы пайдаланып отыр. Kalifarniya да сондай. Өз ерекшелігі бар. Бірақ сөздері жұтаң. Орындауы жаман емес. Диапазон жоқ. Бір октаваның тұсындағы дауыс. Тойға, жастарға арналған әндер. Ешқандай әндері конкурстарға қатысуға келмейді. Олар ән айтуды хоббиға, кәсіпке айналдырған. Бірақ жастарға ұнап тұр. Тек Димаш қана бұл қатарда емес. Оның орны бөлек. Диапазоны кең. Бес жұмыс октавасы бар", - дейді композитор.

Композитор бүгінде Ақтөбе қаласындағы шығармашылық мектептердің бірінде дәріс береді. Жеке шығармашылықпен айналысуды қойғанын айтты.

"Қазір ән жазбаймын. Бұрын жас болғасын құлшыныс болды, әндер туды. Қазір талғам бөлек. Жастар келді. Бәсекелестік басым. Бірақ ешқайсысынан кереметтей әуен көрмедім. Басым бөлігі қырғыздың, өзбектің, шетелдің әндерін әрлеп ұсынады. Бірақ олар бәрібір жүректен шыққан әндей болмайды. Мен Мұқағали, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдеріне ән жаздым. Мұқағалидың өлеңіне жазған әндерім өтімді болды. Әндерімді саудалап көрмегенмін, ешқайсысына ақша алмадым. Бәрін сыйлық ретінде бердім. Ешкімге әнімді орындашы деп айтқан емеспін. Қазір балаларға дәріс беремін", - деді композитор Бақтығали Жұмалин.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2053388-ari-ketse-3-4-ai-tyndalady-belgili-kompozitor-zas-ansilerdin-zamanaui-sipattagy-anderin-synady/

pixel