Атыраулық келіншек Бейбіт Қорғаннан баласы барын айтты: әнші іске байланысты желіде пікір білдірген
Жарияланған күні:
Былтыр қарашада атыраулық келіншек Бейбіт Қорғаннан төрт жасар ұлы барын айтқан болатын. Әншінің іске қатысты әлеуметтік желіде айтқан пікірін "Астарлы ақиқат" бағдарламасы жария етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Айта кетейін, мұндай жағдайда бұл мәселені тек сот анықтайды. Ондай шешім жоқ және ешкім сотқа шағым түсірмеген. Сотқа берсін! Дәлелдесін!", - деп жазған әнші әлеуметтік желіде.
Алайда бұл жазба көп кешікпей әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан өшірілген.
Сонымен қатар бағдарлама жүргізушілерінің айтуынша, бағдарламаның бірінші бөлімі жарыққа шыққаннан кейін әнші жазылушыларының көбейіп жатқанын айтқан.
"Құрметті, ағайындар! Андай-мындай әңгімелерге уақыт жоқ, шыны керек. Шаруамыз басымыздан асып жатыр. Әр адам солай айта беретін болса, әрқайсысына көңіл бөле берсек не болады? Дәлелдесін! Айтсын! Бәрі заңды түрде шешілсе, болды ғой. Рахмет, достар! Қолдап жатырсыздар. Қаралым көбейіп жатыр. Қара пиар болды ғой, мынау кәдімгідей", - деген әнші әлеуметтік желіге видео жариялап.
Ал атыраулық келіншектің айтуынша, әншіден туған ұлы ауыр дертке шалдыққан. Оған қазір ота жасау керек.
"Атыраудан кетпеген себебім, ауылдық жерде дұрыс қарамайды. Төрт жасқа дейін өзім асырадым, бағып-қақтым. Балам туа бітті бүйрек ауруына шалдыққан. Қазір денсаулығы әлсіз болғасын, мұрынына да ет өсіп, аденоид болды.
Екеуіне де ота болғасын, өзім қорқамын. Бала наркозға жатады, мүмкін... Ондай жауапкершілікке әкесінің де қатысы бар деп ойлаймын. Әкесінің де жауапкершілікті бөліскенін қалаймын. Тек қана сол", - деді атыраулық әйел.
Еске сала кетейік, атыраулық келіншек осыдан 5 жыл бұрын әнші Бейбіт Қорғанмен көңіл жарастырып, ұлды болғанын айтты. Әйел төрт жасар баласы әншінің ұлы екеніне сенімді екенін жеткізген болатын.
Алайда Бейбіт Қорған бағдарлама редакторларына телефон арқылы жауап беріп, ол әйелді танымайтынын жеткізді және әнші ДНҚ тапсырудан бас тартқан болатын.
"Жоқ, мен ондайды білмеймін. Екінің бірі "Менен балалы болдым" десе, әрқайсысына ДНҚ тапсыруым керек пе? Қалай сонда? Екінің бірі солай айта берсе, сене бермейміз ғой. Мен бармаймын. Не үшін баруым керек? Танымайтын адамның айтқанына жүгіріп бара бермеймін. Ондай адам емеспін. Танымаймын", - деп жауап берген еді Бейбіт Қорған.
Осылай дегеніне қарамастан, әнші бірнеше күн бұрын ДНҚ сараптамасын тапсырды.
Сондай-ақ бағдарламаның екінші бөлімінде атыраулық келіншектің адвокаты істің мән-жайын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2059942-atyraulyq-kelinsek-beibit-qorgannan-balasy-baryn-aitty-ansi-iske-bailanysty-pikir-bildirgen/