Аз уақытта бірнеше хит әнімен танымал болған жас әнші өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Жарияланған күні:
Жас әнші Кеңес Әлімжан өнерсүйер қауымға соңғы екі-үш жылда "Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?", "Бозторғай ана" және тағы басқа лирикалық әндерімен жақсы танылды. Хит әндердің орындаушысы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, танымалдықтан кейін өмірінде болған өзгерістер, жалпы шығармашылығындағы жаңалықтарын айтты.
- Сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымыз. Әңгімені шығармашылық жаңалықтан бастайықшы…
- 2023 жыл табысты болды. Ел арасына хит әндерім кеңінен таралды. Жылдың басында аналардың құрметіне "Бозторғай ана" әні үлкен сұраныспен тыңдалды. Қызылордалық сазгер Үкітай Ерниязов пен азулы ақын Ақжол Түменбайдың осы әні менің шығармашылығымның төрінен ойып тұрып орын алды. Одан кейін "Жаратқаннан сені тіледім", "Қайтарыңда шығарып салайын" деген махаббат тақырыбындағы мәнді де, мағыналы әндер шықты. Өткен жылдың аяғында шығармашылық тоқырауға да ұшырап үлгердім. Ән айтқым келмей, студияға барғым келмей жүрдім. Ол кез келген өнер адамының басынан өтеді. Қазір бәрі ойдағыдай. Шығармашылықты қайта қолға алып жатырмын. Бұйырса, тыңдарманның құлағының құрышын қандыратын тамаша туындыларды ұсынамын.
- "Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?" атты әніңіз танымалдылықтан басқа қандай материалдық өзгеріс әкелді?
"Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?" әні ел алдына танылуыма үлкен септігін тигізді. Одан бөлек осы әннің арқасында өзімді қамтамасыз еттім. Жеке көлік алдым. Ата-анам Қызылорда облысы, Арал ауданында тұрады. Туған жерден үй салып жатырмын. Аллаға шүкір, ән еңбекті ақтады деп айта аламын.
- Жаңа ән жазуда неге баса назар аударасыз?
Жаңа ән жазған кезде әнінің әуезділігіне, сөзінің мағыналылығына, стиліне мән беремін. Тақырыптың қоғамға өтімділігін ойлап, жаңашыл әндер жаздыруға тырысамын.
- Әндеріңіздің басым бөлігі минорлы көңіл-күйдегі туындылар. Неліктен? Жүрегіңізді жаралаған адам бар ма?
Аралда кішкентай күнімнен әнге баулыған апайым бар. Сол кісі "Бозторғай" сынды байқауларға қатысқанда үнемі лирикалық бағыттағы әндер шырқататын еді. Бала күнімнен лирикалық әндерге жаным жақын. Жұбаныш ағамызды, Музарт тобын, Асқар Жүнісбековты сүйіп тыңдап өстім. Содан болар лирика жүрегіме жақын. Менің ойымша, лирикалық ән - жанның емі. Өзіндік айтар ойы бар. Жаны жаралы адамның мұңын басып, ертеңге үміттендіре алатын қасиеті бар. Көңілсіз отырған адам ешқашан тойдың әнін қосып қойып, жайланбайды.
- Әртістер үшін гастроль мен үлкен концерт маусымы ашылды. Республика сарайында үлкен кеш беру ойда бар ма?
- Өткен жылы қарашада батыс пен оңтүстікті аралап, ән-сапар жасадық. Жалғыз өзім емес, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жолдасбек Әбдіхановпен бірге гастрольдеттік. Жанды дауыста бір күнде бірнеше рет берілетін кеш болғандықтан, бір адамға физикалық жағынан ауыр. Сондықтан әнші ағам екеуміз бірігіп кеш бердік. Алматыда дүрілдетіп кеш беру жоспарда бар. Бірақ асығыстыққа барғым келмейді. Әлі де бір-екі хит жазсам деген ниетім бар. Әндерімді жіті сараптап, өз ойымдағыдай кеш бергім келеді. Шыны керек, концерт беруге күш-жігерім жетеді. Бірақ оған дәл қазір қолымда қаражатым жоқ.
- Ойыңызды ашық айтам деп аға буыннан сөгіс естіген кезіңіз болды ма?
Мен ойымды ашық айтамын. Ән ұнамай тұрса, оны айтамын. Көңіл үшін "күшті" деп айта салмаймын. Жалпы эстрадада көп адаммен араласа бермеймін. Өзімнің сыйласатын аға-әпкелерім бар. Сол кісілермен жақсы қарым-қатынастамын. Әншілер қолыңда барда бар, қолыңда жоқта жоқ болып кететін халықпыз. Мүмкін өзім де сондай шығармын. Бір көңіл-күйдің адамымын. Түске дейін күліп отырса, түстен кейін жылап отырамыз. "Біздер, біздер – патшадан да паңдармыз" дейді ғой. Сол үшін көп ортаға ұнамай қалатын сәттер көп болады. Мінезім – сондай (күліп).
- Телеарналардағы бағдарламаларға жиі шақыру аласыз. Отандық шоулардың сапасы мен әділдігіне қандай баға бересіз?
- Телевизиялық шоуларға жиі қатысып тұрамын. Бұл - елдің алдына шығып тұруға, қарайып қалмауға жақсы мүмкіндік. Бірақ қазір телевизияға бұрынғыдай бюджеттен аса көп қаржы бөлінбейтін сияқты. Сондықтан жеке продюсерлер музыкалық шоуларды көп ұйымдастыра бермейді. Бірнеше жыл бұрын "Хит жазамыз" деген бағадарламаға қатыстым. Бірақ бұл шоуда әділдік болды деп айта алмаймын. Себебі жастарға мүмкіндік берілмей, керісінше үлкендер сын мен мінді орынсыз тақты.
Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2060973-az-uaqytta-birnese-xit-animen-tanymal-bolgan-zas-ansi-omirindegi-ozgerister-turaly-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.