"Көзден жасты сорғалатты": Жұлдыз Әбдукәрімова Алматыда балабақшада болған жайтқа пікір білдірді
Жарияланған күні:
Актриса Жұлдыз Әбдукәрімова Алматыда балабақшалардың бірінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол ойын Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әнші Қайрат Нұртастың келіншегі қатарластарын ұрып-соққан балалардың іс-әрекетіне қарап, ұлт болашағына алаңдайтынын айтты.
"Мен балаларымның денсаулығына алаңдап, дәруменді ойлап отырғанда, балабақшадағы оқиға көзден жасты сорғалатты ғой.
Кіп-кішкентай балаларда осынша жауыздық қайдан пайда болған? 5 минут бойы жабылып тепкілеген. Бала көргенін жасайтыны белгілі. Тәрбие, құндылыққа мән бермесек ұлтқа қауіп төніп тұр екен.
Әрине, оқиғаның мән-жайын құзырлылар анықтап жатыр. Алайда мені толғандыратыны мынау еліміздің болашағы осы бүлдіршіндеріміздің қолында. Сонда қандай ел болмақпыз?" - деп жазды Жұлдыз Әбдукәрімова.
Айта кетсек, бұған дейін Алматыдағы балабақшалардың бірінде топ бала бір баланы жабылып ұрып-соққанын жазған едік. Бұл кезде тәрбиеші топта болмаған. Кейін осы факт бойынша Алматы полициясы қылмыстық іс қозғағаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2062781-kozden-zasty-sorgalatty-zuldyz-abdukarimova-almatyda-balabaqsada-bolgan-zaitqa-pikir-bildirdi/