Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"20 мың доллар төлеуге дайын болдым": Құралай Анарбекованың жаңа фильміндегі актерлердің гонорары қанша

Опубликовано:

Құралай Анарбекова
Құралай Анарбекова. Фото: instagram.com/kuralay_corich/

Жақында кинотеатрлардан "Брат или брак-3" фильмі көрсетіле бастайды. Картинаның саундтрегін әнші Қайрат Нұртас тегін орындаған. Есесіне фильмдегі басты рөлді ойнаған актерлер продюсер Құралай Анарбекованың қалтасын біраз қаққан. Тіпті күніне 20 000 АҚШ долларын төлеймін десе де түсірілімге келіспеген актер бар. Бұл туралы Құралай Анарбекова KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Құралай ханым, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет. Әңгімені "Брат или брак-3" фильмінен бастасақ... Дайындық қалай өтіп жатыр?

Дайындық қызу өтіп жатыр. Мен әр істің басында өзім жүретін адаммын. Кәсіби мамандарға сенемін. Бірақ әр туынды менің ішімнен шыққан балам сияқты болғандықтан жіті бақылауда ұстап жүремін. Мені қолдап жүрген блогер, танымал әріптестеріме зор алғыс айтамын.

Неліктен дәл осы фильмнің жалғасын түсіруді жөн көрдіңіз?

"Брат или брак-1" 2017 жылы шығып, ең көп касса жинады. Сол кезде менің серіктестерім жақсы сценарий болса, жалғасын түсіруге ұсыныс айтты. Алайда актерлерға барған кезде, оның ішінде Дәурен "тәтті кезінде тоқтата салайық" деп түсуден бас тартты. Кейін сценарийді оқыған кезде бірден келісті. Ал екінші бөлімнен кейін көрерменнің тарапынан өте көп жылы лебіз естідік. Бірінші бөлімнен кейін үйленіп, екінші бөлімнен соң балалы болуға ниеттіміз деген де хаттар келді. Осындай жылы ықылас менің шабытымды ашты. Егер жақсы сценарий болса, жалғасын түсіремін деп ойлап жүрдім. Фильмнің сценарийі үш жыл бұрын қолыма түсті. Бір қызығы Дәурен "үшінші бөлімге түспеймін, тым созып кетеміз" деген еді. Сценарийді оқығаннан кейін ойы өзгерді. "Екі адамды ойнау менің арманым еді. Барымды салып ойнауға тырысамын" деп келісім берді. Енді көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын.

Үш бөлімнің қайсының бюджеті жоғары болды?

Бірінші бөлімнен кейінші екінші бөлімнің сапасы да, сценарийі де мықты болуды талап етті. Аз ақша жұмсалмады. Ал "Брат или брак-3" екі бөлімін былай қойғанда, нарықтағы өзге де бәсекелес кинокартиналардан да сапалы болуы керек. Одан бөлек актерлер кәдімгідей бірінші бөлімнен кейін танымдылықтары артып, гонорарлары өсті. Мен екінші де, үшінші де бөлімде ақшаны аяған жоқпын. "Брат или брак-2" 200 млн тг, ал "Брат или брак-3" 220 млн теңгеге түсірілді. Өйткені актерларымыз көп, локациямыз көп, маркетинг тағы бар.

Бұл фильмдегі ең жоғары гонорар кімде?

Негізі осы "Брат или брак" фильмінің бірінші бөлімі кезінде көп актердың да, түсірілім тобының да дебют жұмысы болды. Ал қазір олардың бәрі киноиндустрия саласындағы ең мықты әрі үздік мамандарға айналған. Әрине тәжірбиесі мен сұранысқа қарай олардың да гонорарлары қымбаттайды. Бірінші бөлімде барлығы мен ұсынған бағаға келіскен еді. Ал екінші бөлімде өздерінің бағаларын айтты. Мен соны төледім. Ал үшінші бөлімде тіпті бағалары ұшып кетті. Себебі, бұл кино оларсыз дәмді болмасын білді де, гонорарларын қымбат етіп айтты. Жай ғана эпизодқа түскен танымал актерларға 2 млн теңге . Ең жоғары гонорар Дәурендікі болды. Қанша екенін ашық айта алмаймын. Кинодағы ағаларымның гонорарлары 10-15 млн теңгенің арасында болды. Мен ешкімнің ақысын жегім келмеді және олар да сол алған гонорарын толықтай ақтап шықты деп айта аламын.

Фильм прокатынан жиналған кассадан актерлар пайызын ала ма?

Жоқ, түскен кассадан ешкім де пайыз алмайды. Мен бәріне өздері сұраған гонорарды төледім. Егер әу баста актерлар аз гонорар сұрап, қалғанына пайызға келіссе төлер едім. Енді кино қанша касса жинаса да 50 пайызы менікі, ал қалған елу пайызын кинотеатр алады.

Қайрат Нұртас саундтрек жазды. Неліктен таңдау дәл Қайратқа түсті? Гонорары жоғары болмады ма?

Бұл әннің тарихы қызық. Мен фильмге саундтрек іздеп, көптеген сазгер, әншіге хабарластым. Ильхам деген жігіт осы әннің 15 секундын жіберді. Маған бірден ұнады. Ильхамға хабарласып, жалынып отырып әнді сатып алдым. Аз ақша емес. Сосын бірден Қайратқа хабарластым. Ол тыңдады да, бірден келісті. Менен Қайрат ешқандай да гонорар алмады. Клипке де тегін түсті. Әнді де тегін орындап берді. Осындай достық қолдауына алғысым шексіз.

Нұрлан Сабуров қайда? Фильмде көріне ме?

Мен Нұрланға хабарласқан кезде ол бас тартты. Тіпті мен Нұрланға күніне 20 000 доллар төлеуге дайын болдым. Ол "қазір басқа жобаларым бар, келісімшарт бойынша түсе алмаймын", деді. Негізі "Брат или брак-2" фильмінде де Нұрлан болмады. Бірақ халық жақсы қабылдады. Үшінші бөлімде де жоқтығы сезілмейді деп ойлаймын.

Сізді өз киноңыздан ғана көріп жүрміз. Неге басқа фильмдерге түспейсіз? Әлде шақырту жоқ па немесе гонорарды аз ұсына ма?

Негізі маған шынымен де ұзақ уақыт бойы мүлдем ұсыныс түспеді. Бірақ соңғы бір жылда өте көп киноға шақыртулар келді, гонорарлары аз емес. Алайда менің уақытым болмады. Көбіне "Орел и решканың" түсірілімімен шетелде жүремін.

Шатаспасам тұрмысқа әлі шықпадыңыз. Себебі неде? Жұмыстың көптігінен уақытыңыз жоқ па әлде махаббатқа сенбейсіз бе немесе отбасылық өмірден қорқасыз ба?

Дәл қазір жігітім жоқ. Жоғарыда айтқандай үнемі жолда жүргендіктен, жеке өмірге де уақыт болмады. Тіпті осы киноөндіріс саласына келгелі қалай сегіз жылдың өткенін білмей қалдым. Алайда қазір отбасын құру керегін ойлап жүрмін. Алла қаласа келесі жолы киноның емес, ұзату тойыма сіздерді шақыру бұйырсын.

Құралай ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, ауылда өмір сүруі мүмкін бе?

Ол үшін мені 18 жасымда тұрмысқа алуы керек еді. Қазір "жағдайға қарамаймын" деп алдамаймын. Әйел адам еркектен бір саты төмен тұру үшін еркек әйелден бір саты биікте болуы керек. Мен оқыған-тоқыған қызбын, жасаған жұмыстарым бар. Егер ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып кетсем, жасаған еңбектерімнің бәрі суға кеткен болады. Ауылдың өмірін жақсы көремін, сыйлаймын. Мен үшін жігіттің ақылды болуы маңызды. Ал ақылды жігіттер әрдайым да ақшалы болады.

Сұқбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2063260-kunine-20-myn-dollar-toleuge-daiyn-boldym-quralai-anarbekova-zana-filmindegi-akterlardyn-gonorary-turaly-aitty/

pixel