"Бұл бір фантастика": Алмат Сақатов елдегі су тасқынына қатысты ойын ашық айтты
Жарияланған күні:
Танымал актер Алмат Сақатов әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізеді. Актер ұдайы қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өткір пікір білдіріп отырады. Бұл жолы өнер иесі KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, елдегі соңғы жайттар – су тасқыны мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы ойын ашып айтты.
– Алмат мырза, қазір қоғамда абьюзерлік, әйеліне қатыгездік танытқан ер адамдар тақырыбы өзекті болып отыр. Әйелге қол көтеретін еркектер туралы не айтар едіңіз?
– Мен ол туралы тіпті айтқым келмейді. Әйелін өлтірді ме – соттау керек! Әйелін ұрды ма – соттау керек! Әр қылмыс пен қылмыскерге жаза болуы керек. Ол әйел де – біреудің қызы. Бір азамат оны маңдайына жел тигізбей мәпелеп өсірді. Ол да біреудің қарындасы, анасы. Қазақта "қыздың көз жасына қалма" деген сөз бар. Тек қыз емес, жалпы әйелдер қауымы туралы айтылған.
– "Әйел өзі тілден табады. Тыныш жүрсе әйелін ұрып несі бар" дейтін ақтау сөздеріне не айтар едіңіз?
– Үйленетін кезде алатын әйелдің тілі қандай, өзі қандай, мінезі қандай біледі ғой. Сен солай сүйіп алдың ба, қабылда! Қабылдай алмай жатсаң, ұрып тәрбиелей алмайсың! Өте оңай шешімі – ажырасып кет!
– Ал сіздің үйде ұрыс-жанжал қалай шешіледі?
– Менің бағыма қарай үндемейтін, көп сөйлемейтін жұбайды Алла беріпті. Екі-ақ сөзімнен, көзімнен түсінеді. Мен үйленген соң төрт-бес жыл үзіліссіз гастрольде жүрдім. Үйге үш-төрт күнге келем де, айлап гастрольмен кетемін. Жеңгелеріңіз соның бәріне шыдады. Алғашқы бес жылда ұрысатын уақыт болмады. Одан кейін ұрсысуға ұят сияқты көрініп, ол кезеңнен оңай өтіп кеттік.
– Елімізде тағы бір өзекті мәселе – кей өңірлерді су басып, халық абдырап қалды. Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қандай?
– Бұл – бір фантастика. Мен мұны түсінбеймін. Мұндай қар былтыр да, өткен жылы да жауған. Кінәлі президент емес, премьер-министр емес. Сол су алып жатқан өңірдің әкімдері кінәлі. Олар ақша түскен кезде жеп қалмай, жырып қалмай соңғы тиынына дейін елдің мүддесіне жұмсау керек. Гидротехниктерді іздеп жатыр. Таппай жатыр. Жастардың бәрі актер, блогер, әнші болғысы келеді. Қазір ешкім сантехник, гидротехник, дәрігер, мұғалім болғысы келмейді.
– Ал неге жастар тек әнші, блогер болғысы келеді? Басқа мамандықты таңдауға аса қызығушылық танытпауына кімдер кінәлі?
– Мемлекет. Егер мемлекет осы мамандық иелеріне жақсы жағдай жасаса, жақсы айлық төлесе, жарнамасын айқайлатып жасап, сол саладағы адамдарды күнде теледидардан көрсете берсе жастар қызығады. Сол мамандықтар туралы көбірек ізденіп, зерттейтін болады. Мұны ойлану керек.
– Қазір отандық фильмдер көптеп жарыққа шығып жатыр. Сізге де ұсыныстар жиі түсетін шығар. Қажеттісін қалай таңдап аласыз?
– Мен сценарийіне қарап барамын. Егер фильм сценарийі ұнаса, мораль, рухани тұрғыда мені өсіретін, халыққа беретіні бар фильм болса, мен гонорарын көп сұрамай-ақ келісе берем. Ал егер өзіме ұнамайтындай болса , басқаша әңгіме айтамын немесе мүлдем түспеймін.
– Жалпы қазақ киноасында қандай тақырыптағы фильмдер жетіспейді?
– Қазақ киносында "Мен президент болсам" деген кино жетіспейді. Шындықты айтып, сотталып кеткен әкімдер туралы фильмдер жоқ. Қоғамдағы ащы шындықты қозғайтын фильмдер жоқ.
Сұхбаттасқан Айшуақ Нұрлан
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2085599-bul-bir-fantastika-almat-saqatov-eldegi-su-tasqynyna-qatysty-oiyn-asyq-aitty/