"Ресейде жауған қардың да әсері бар": қазақстандық сарапшы биылғы су тасқынының себептерін айтты
Жарияланған күні:
Елдегі Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Биыл апаттың аумағымен қоса шығыны да орасан. Оған не себеп болды? Осынша су қайдан келді? Қазақстандықтарды алаңдатқан осы сауалдарды KAZ.NUR.KZ тілшісі Инженерия ғылымы климаттық өзгерістер саласы бойынша сертификатталған сарапшы, аграрлық сала журналисі, қоғам белсендісі Кирилл Павловқа қойды.
Кирилл Павлов наурыз айының ортасында еліміздің біраз аймағы су астында қалуы мүмкін екенін айтып, әлеуметтік желіде дабыл қақты. Аграрлық кеңесші қай аймақтарды қай уақытта су басатыны көрсетілген картаны жариялап, ғарыштан түсірілген суреттерді ел назарына ұсынған-ды.
Осы ретте Кирилл Павлов су тасқының уақыты мен орны туралы алдын ала болжам қалай жасалғанын айтып берді.
"Болжам бал ашуға емес, математикалық есеп пен зерттеу нәтижесіне сүйенген. Ол үшін табиғат құбылыстарын, судың қозғалысы туралы ғылыми негіздерді білу керек. Біз мұндай болжамды халықаралық деңгейдегі ғалымдардың тұжырымдамаларына сүйеніп жасадық. Мұхит суының температурасы 1,5 градусқа жоғарылады, бұл бүкіл әлемге әсер етеді. Климаттық өзгерістерді болжауға қатысты формулалар бар. Біз осыған сүйендік", - дейді ол.
Сарапшы мұндай су тасқыны Қазақстанда бұрын-соңды болмағанын еске салып, қарғын судың қайдан келгені жөнінде пікір білдірді.
"Маңызды фактордың бірі – түскен қардың қалыңдығы. Күн жылынған кезде Қазақстан аумағында жауған қалың қар еріп, су басты. Оған қоса, Ресейде жауған қардың да әсері мол. Ресей аумағында да біраз қалалар су астында қалып жатыр. Қар қалың жауғандықтан, су сақтайтын қоймалардың сыртына шығып тасып жатыр. Солтүстіктегі көршімізден келген судың көлемі де көп болды", - дейді Кирилл Павлов.
Автор: Бақытжан Отарбаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085689-reseide-zaugan-qardyn-da-aseri-bar-qazaqstandyq-sarapsy-biylgy-su-tasqynynyn-sebepterin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.