Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Былтырғыдан да қатты болады": аграрлық сала сарапшысы биыл жазда шаруаларды не күтіп тұрғанын болжады

Опубликовано:

Кирилл Павлов
Кирилл Павлов. Фото: instagram.com/kirill.pavlov.kz

Аграрлық сала сарапшысы, журналист Кирилл Павлов биыл Қазақстанда құрғақшылық былтырғыдан да қатты болады деп болжап отыр. Оның айтуынша, құрғақшылықтан еліміздің барлық өңірі зардап шегеді, сондай-ақ егістікті шегіртке басады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Наурыздың ортасынан бастап еліміздің біраз аймағы су астында қалуы мүмкін екенін айтып, әлеуметтік желіде дабыл қаққан сарапшы Кирилл Павлов су тасқыны басылғаннан кейін, жазда ауыл шаруашылығы жерлері қандай күйге түсетініне болжам жасады. Сарапшы портал тілшісіне берген сұхбатында қай өңірлердің шаруаларына биылғы жаз қиынға соғатынын айтты.

"Шегіртке қаптайды. Шегірткенің шаруашылықты тұралататын өздеріңіз де білесіздер. Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл облыстарында шегіртке көбейеді. Ал құрғақшылық Қазақстанның барлық өңірінде байқалады деп болжанып отыр. Былтырғыдан да қатты болады. Қазірдің өзінде маусым айында аптап ыстық болатынына қатысты ақпарат берілді. Мұның бәрі Америка мұхит қызметі өткен жылдың соңына қарай жариялаған зерттеуде де айтылған еді",- дейді маман.

Сондай-ақ ол алдағы уақытта қай өңірлерде су тасқыны күшейетінін де айтты. Сарапшы ғарыштан түсірілген суреттерге сүйеніп жасаған болжамын мәлім етті.

"Батыс Қазақстан облысына абай болу керек. 17 сәуірде су басу қаупі күшейіп, 19-20 сәуірде шектік мөлшеріне жетеді. Атырауда 16 cәуірде су тасудың ең шекті деңгейі болады, одан кейін беті қайта бастайды. Ең қиын жағдай – Петропавлда. Бұл аймақта 24 сәуірден кейін ғана арқаны кеңге салуға болады. 16, 17, 18, 19 сәуір күндері қауіп аймағында болады. Су тасқынының ең шекті деңгейі 19 сәуірде болады. Одан кейін төмендей бастайды", - деді ол.

Сарапшы су тасқыны еліміздегі атқарушы органдарға сабақ болуы керек екенін ескертті.

"Бірінші кезекте болжам жүйесін, қауіп-қатерді басқару жүйесін құруымыз керек. Сол кезде кей ауылды мал-жанымен бірге көшіріп, үлгеретін едік. 100 үйден тұратын ауылды көшіру өзен ағысын бұрудан бірнеше есе арзанға түседі", - деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін сарапшы Қазақстандағы биылғы су тасқынының себептерін айтқан еді.

Автор: Бақытжан Отарбаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085794-byltyrgydan-da-qatty-bolady-agrarlyq-sala-sarapsysy-biyl-zazda-qazaqstandyq-sarualardy-ne-kutip-turganyn-bolzady/

pixel