Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соңғы рет барахолкаға 4-курс оқығанда бардым": Айдай Исаева ең қымбат көйлегі мен мінсіз мүсінінің құпиясын айтты

Жарияланған күні:

Айдай Исаева
Айдай Исаева: instagram.com/aiday_issayeva

2013 жылы Қазақстан аруы атанып, жұлдызы жанған Айдай Исаева бүгінде үш баланың анасы, аяулы жар. Қазақстандық модель KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, отбасы, жеке өмірі, шығармашылығындағы соңғы жаңалықтарын айтты.

Айдай ханым, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет. Әңгімені шығармашылық жаңалықтан бастайықшы…

Көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ көңілімнен шығатын нұсқалар кездеспеді. Ойда бірнеше жоба бар. Сәтті болып жатса сіздерге айтамын. Мен әйтеуір жасай берейін дейтін жандардың қатарынан емеспін. Ақша үшін барлық жобаға келісе бермеймін. Менің абыройым өте маңызды.

Қазір Instagram мен TikTok танымал тұлғалардың негізгі табыс көзіне айналған. Желіде өзіңіз аса белсенді емес екенсіз. Неліктен?

Қазір өнер адамдары мен блогерлердің басты табыс көзі әлеуметтік желі екені ешкімге жасырын емес. TikTok, Instagram арқылы жақсы табысқа жетіп жатқандарды да көріп жүрмін. Мен барлық жарнаманы ала бермеймін. Сапасы дұрыс емес дүниелерді халыққа ұсына беру дұрыс емес деп ойлаймын. Құндылығы жоғары, пайдалы, өзіме ұнайтын, өзім қолданып көрген жобалармен ғана жұмыс істеймін. Instagram-да өте белсенді емеспін. Себебі мен үшін Instagram – хобби. Мен блогерлер сияқты ішкенімді, не істеп жүргенімді түсіре бермеймін. Кейде көңілім қалаған сәттерді ғана көрсетіп қоямын.

Желіде зорлық-зомбылық көрген әйелдердің образын сомдайтын видеолар трендке айналған. Бірақ сіз бұл трендке қатыспаған екенсіз…

Иә, мен сотты (Бишімбаев ісі - ред.ескертпесі) тұрақты түрде қарап жүрдім. Жолдасым ораза кезінде негатив көрмей, жақсы дүниелерді қарасаңшы деп те ескертіп жүрді. Жылына 400-ден астам әйел өз жақындарынан, әсіресе күйеуінен таяқ жеп қайтыс болып жатыр екен. Өте ауыр, өкінішті жағдай. Бірақ мен сол сот туралы, әділетсіздік көрген әйелдер туралы трендті қайталап салуды жөн көрмедім. Білемін, бұл тақырып өзекті болып тұр. Ол туралы өз ойымды айтсам, видео салсам менде де қаралым саны артады. Бірақ маған мұндай арзан танымалдылық қажет емес. Мен шынымен де сотты жүрегім ауырып қарап, әділ шешім шығуын күтіп жүрдім. Себебі менің де таныстарымның арасында, жалпы қоғамда қаншама әйел марқұм Салтанат сияқты зорлық-зомбылық көріп өмір сүруде.

Ал Бишімбаев үкіміне қатысты қандай пікір айтар едіңіз?

Мен осыған дейін ешқайда ол сот туралы ойымды айтпадым. Үнсіз мұқият бақылап күттім. 24 жыл әділ деп ойлаймын. Қандай жағдай болса да ақтауға келмейді. Бұл оқиға көптеген адамға сабақ болды деп ойлаймын.

Отбасылық өмірдің берекесін сақтап қалудың қандай қағидаларын білесіз?

Отбасылық өмірдегі бақыт тек әйелдің немесе тек ердің қолында емес. Мен қазір біреуге ақыл айтатын жаста емеспін. Өзім ақыл тыңдап, оң-солыма мұқият саралайтын жастамын. Әр отбасының өз заңдары мен қағидалары бар. Егер отағасы ұрмайтын-соқпайтын, тиран емес ер болатын болса әйел үйдің ұйытқысы бола білуі керек деп ойлаймын. Мен кішкентай кезімде таңертең ерте тұрып әке-шешемнің шай ішіп отыратын сәттерін әлі күнге дейін сағынышпен еске аламын. Аллаға шүкір, ата-анам аман-есен. Шымкентте тұрады. Соңғы қоңыраудан кейін төркінге барып, тәтті кездерімді еске алғым кеп жүр. Отбасылық өмір үлкен мұхит сияқты ғой. Ерлі-зайыптылар "кемедегінің жаны бір" дегендей көп сөйлесуі керек. Сырласуы керек. Сол кезде бір-бірін танып, түсіну оңай болмақ.

Махаббат бес жыл өмір сүреді. Сосын тек бауыр басу мен сыйластық қалады дейді. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Махаббат мәңгі өмір сүруі керек деп ойлаймын. Махаббат бар жерде сыйластық, түсінік, сенім болады. Тек ерлі-зайыптының бір-біріне деген махаббаты емес, барлық адамның бір-біріне деген махаббаты мәңгі болуы керек. Сол кезде әлемдегі қорқынышты, жантүршігерлік жағдайлар болмайды.

Үш балапанның анасы болсаңыз да, мінсіз қалыпты сақтаған екенсіз. Мұның сыры неде?

Мен де адаммын. Алла тағала бәрімізді бірдей етіп жаратты. Оны қалай ұстаймыз ол әр адамның таңдауы. Мен де тамақ талғамай жей берсем толып кетемін ғой. Тәттіге аса құмар емеспін. Анда-санда жеймін. Фитнеске барамын. Дұрыс тамақтанамын. Балаларды да қазір соған үйретіп жүрмін. Дұрыс тамақтану тек сыртқы келбетке емес, ішкі ағзаға да көптеп әсер етеді. Жалпы босанған соң алты айдай ісіп жүріп, сосын тез қалыпқа келемін. Бұл Алланың маған берген сыйы шығар деп ойлаймын.

Айтпақшы, көптеген құрбыңыңыз қазір киноға түсіп, актриса атанып жүр. Сізде мұндай жоспар жоқ па?

Иә, құрбыларымның көбі киноға түсіп жүр. Тек актриса ретінде емес, кинопродюсер ретінде кино түсіріп жүргендері қаншама?! Олар үшін шын жүректен қуаныштымын. Әрине елге пайдалы, сапалы кино түсіріп, ол табыс көзіне айналып жатса несі жаман?! Әзірге өзіме ұнайтын ұсыныстар түспеді. Бірақ кейде кино түсіру туралы ой келетінін жасырмаймын. Ол енді болашақтың еншісінде.

Гардеробтағы ең қымбат киімнің бағасы қанша тұрады?

Бағасы жағынан ең қымбаты – кешкі көйлектерім ғой. 7000 долларға алынған көйлектерім бар.

Киім сататын базарға соңғы рет қашан барған едіңіз?

Алғашқы және соңғы рет 4-курста барахолкаға барған едім. Студенттік шағымда топ басшысы болып, топқа мата керек болған кезде бардым. Содан кейін де, дейін де барып көрмеппін.

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2100803-songgy-ret-baraholkaga-4-kurs-oqyganda-bardym-aidai-isaeva-eng-qymbat-koilegi-men-minsiz-musinining-qupiiasyn-aitty/