Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жерді өзім таңдап алдым": өзіне бейіт қаздырып, ескерткіш қойған 86 жастағы ақтөбелік кәсіпкер сұқбат берді

Опубликовано:

Қуандық Әлішевтің өзіне қойдырған мүсіні
Қуандық Әлішевтің өзіне қойдырған мүсіні. Фото: NUR.KZ/автордан

Ақтөбеде алпауыт зауыт ашып, атын шығарған танымал кәсіпкер Қуандық Әлішев өзінің бейітін екі жыл бұрын салып қойды. Қала сыртындағы зираттан мен мұндалап көрінетін бейіттің құлыптасы мен қабір тасы граниттен салынған. Тоқсан жасқа таяған кәсіпкер KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берді.

Ақтөбе қаласы Кірпішті ауданы іргесіндегі "Орыс зираты" атанған орыннан ерекше белгіні көресіз. Зираттағы жерленгендер арасында бос қабір тұр. Ерекшелігі алыстан көз тартады. Ескерткіш жанындағы екі тақтада "Тынымсыз іздену, мазасыз тірлік-мұратың" және "Бақытты өмірдің белгісі: абырой, бала ұрпақтарың" деп жазылған.

құлпытас
Құлпытас. Фото: KAZ.NUR.KZ

Зират қызметкерлерінің айтуынша, мұны атақты кәсіпкер өзіне осыдан екі жыл бұрын дайындаған.

"Бұл ескерткіш 2022 жылы салынды. Өздері келіп жасады. Аумағы 3,5 шаршы метр. Қазылып, бәрі дайын тұр. Жағдай болып жатса, бетіндегі плитасын алып түсіреді. Үлкен кісі. Алдын ала қойғысы келген шығар. Екі-үш айдың ішінде құрылысы толық бітті. Бәрі гранит тас. Оған дейін де мұндай жағдайлар болды. Үлкен кісілер сұрайды. Бірақ олар қазір қайтты", - дейді зират қызметкері Сәбит Дүйсенов.

Тоқсаныншы жылдары кәсіпті дөңгелетіп атағы шыққан Қуандық Әлішев аман-есен. Шаруадан әлі де қол үзбеген.

"Мен 86 жастамын. Осыдан екі жыл бұрын қаңтарда құлап, белім сынып қалды. Жаттым. Қатты ауырдым. "Өлемін" деп ойладым. Жерді өзім таңдап алдым. Себебі - қырдың басы. Тасының бәрі граниттен жасалған. Алматыдан достарым, інілерім алып келіп қойды, орнатты. Бұны бірнеше эскиздің ішінен таңдадым. Суретті де өзім жібердім. Суретті компьютермен бірнеше күн отырып дұрыстаттым. Беттің тыртығының бәрін алып тастасаң тағы ұят. Солай қалдырғым келмеді. Соңында осылай шығардым. Тұр. Сол кезде Ақтөбедегі ауруханада жаттым. Дәрігерлер белімді дәнекерлеп берді. Өзім таңғалдым. Үш ғылым докторы ота жасады. Жарылғанда сүйектің арасы саусақ кіретіндей болды. Отадан кейін жүріп кеттім", - дейді Қуандық Әлішев портал тілшісіне берген сұхбатында.

Қуандық Әлішев
Қуандық Әлішев. Фото: NUR.KZ/автордан

Қуандық Әлішев ескерткіш шығынын құпия қалдырды.

"Қазір жағдайым жаман емес. Түнде шамалы аяғым тоңады. Соның емін таппадым. Таңертең 6:30-да тұрамын. Жаттығуды жатып жасаймын. Еңкейіп аяғыма да жасаймын. 10 минут жеткілікті. Біздің жасымызда артық қимыл қажет емес. Энергияны ретімен жұмсау керек. Біздің жасымызда физикалық жаттығуды көп жасау – ақымақтық", - дейді ол.

Айтуынша, 47 жасында қатерлі ісікпен қатты ауырғаннан кейін өзіне бейіт орнату туралы шешім қабылдаған

"47 жаста ауырдым. Екі досым да 47 жасында қатерлі ісіктен қайтыс болды. Кезек менде деп ойладым. Өмір сүргің келеді, емделдім. Онкологиялық ауруханада жаттым. Құлағыма ісік шықты. Мәскеудің орталық ауруханасында емделдім. Біртіндеп ісік жақтың арасына кіріп кетті. Ота жасағаннан кейін ернімнің бәрі иегіме түсіп кетті. Құлағым салбырап қалды.

Кейін Германияға барып, пластикалық ота жасаттым. 12 жылдан кейін қатерлі ісікпен қайта ауырдым. Асқазанымда ісік пайда болды. Отадан кейін үш күн ішінде 13 келі жоғалттым. Ішекті тазарту үшін іш майдың бәрін алып тастаған екен. Қиын болды. Дәрігерлер "жұмыс істе"деді. Таза ауада жүріп, жұмысты тоқтатпау керекгін айтты", - дейді ол.

Зейнеткер Ақтөбе облысы Темір ауданының Құмсай ауылында туып өскен. Соғыс жылдары жесір ананың қолында тәрбиеленген азаматтың балалық шағы ауыр болған.

ескерткіш
Қуандық Әлішевтің ескерткіші. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Әкем 4 жасымда соғысқа кетті. Әжемнің баласы болдым. Әкемнің құшақтап сүюге құқы жоқ, дәті бармайтын. Соғысқа кетерінде аттың алдына отырғызып, қамыстың арасына апарып сүйгені есімде. "Соғыс даласына кірдік" деп хабар жібергеннен кейін ұзамай қара қағаз келді.

Интернатта жатып оқыдым. Математикаға жүйрік болдым. Шешем 1975 жылы қайтты. Әлі күнге дейін қайтқан күнінде садақа беремін. Бес баланы, әжемді бақты. Соғыс кезінде жұмыс істеді. Бізді интернатқа жатқызып оқытты. Қандай қиын жағдай болса да. Барлық жетістігім мен табысқа жетуім шешемнің арқасы. Институтты, аспирантураны бітірдім. Кандидаттықты, докторлықты да қорғадым. Бәрі осы анамның берген бағыты. Жылда туған күнімнің алдында анамның басына барып, құран бағыштаймын. Дүниедегі ауырпалық анада. Шешем ақылды адам. Оқымағанның сауаттысы еді", - дейді Әлішев.

Кәсіпкер Қазақстандағы атақты спирт зауытын салып, оны 20 жылдан аса уақыт басқарды. Айтуынша, зауыттан 2 млрд теңге салық төлеген. Сонымен қатар ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында кәсіп жүргізген.

"Мен өзіме өзім команда бере білемін. "Әлішев жетер, болды" деймін Сол кезде мені ешкім, ештеңе мәжбүрлей алмайды. Адам өзін-өзі ұстауы үшін өзіне команда беріп, соған бағынуы керек. Ішкен тамағым - дәрім. Девизім осы. Тұнба жасап ішемін. Жаңғақ пен уылдырықты тұрақты жеймін. Қан тамырымды тазалайды. Миға жаттығу жасау керек. Мен ұйықтап жатып та ойланамын. Жек көретінім – жағымпаздық. Қорқатыным – төтенше жағдай. Ойлап, шешім қабылдап үлгермей қаласың", - дейді ол.

Ол "Ленин", "Еңбек қызыл ту", "Халықтар достығы", "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталған. Үш қыз, бір ұл тәрбиеледі. Қазір немере сүйіп отыр.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2100665-aqtobelik-kasipker-ozine-beiit-salyp-eskertkish-qoigan/