Зектілері

"Мүлдем тікпеген адаммын": дизайнер Аида Қауменова кәсібін жертөледен бастағанын айтып, жан сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Аида Қауменова
Аида Қауменова. Видеодан кадр: youtube.com/ Седьмой канал/ SHOW

Отандық дизайнер Аида Қауменова осыдан 20 жыл бұрын кәсібін жертөледе бастағанын айтты. Бүгінде танымал сәнгерлердің бірі де бірегейі атанған ол жүріп өткен жолы туралы Әйгерім Сейфолламен "Сырласуда" баяндаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Аида Қауменованың сөзінше, оның еңбек жолы "Көк базар" маңынан бастау алған. Сол кезеңнің өзінде дизайнерді тұтынушылары іздеп тапқан көрінеді.

"Көк базардың" қасында жаңа әрі әдемі бизнес-орталық болған. Сол жердегі жертөледе киім тігетін цехім болды, солай бастадық. Ал бірінші қабатта 10 шаршы метрлік бөлмеде "Сән үй Аида Кәуменова" деген жазу тұратын. Қазір таңғаламын, бұрын менің тұтынушыларым қалай тауып алды екен? Ол кезде қазіргідей Instagram жоқ, тек газет-журнал болған.

Жалпы "сен жолды таңдаған жоқсың, жол сені таңдады" дейді ғой. Мен дәл сондай бақытты адаммын. Кішкентай кезімнен суретті жақсы салатынмын. 6-сыныптан 11-сыныпқа дейін өнер мектебінде оқығанмын. Содан Алматыға келіп, АТУ-ға түстім. Мамандығым – тігін бұйымдарының инженер-конструкторы мен сәнгері.

Сол университетте 1-2 жыл қалып, аспирантурада оқығанмын, бір жыл Италияда білім алдым. Содан Қазақстанның мәдениетіне ерекше бір махаббатпен оралдым. Салыстыра келе, біздің мәдениет Еуропа мәдениетінен қалыс қалмайтынын түсіндім. Осылай өз кәсібімді бастағанмын", - деді дизайнер.

Бір қызығы, Аида Қауменова тігін машинасында ешқашан киім тігіп көрмеген.

"Тігін машинасында отырып, мүлдем тікпеген адаммын. Тігуді де, пішуді де білемін. Бірақ өзім онша жақсы көрмеймін. Маған "дирижер" ретінде бәрін ұйымдастырған ұнайды. Мата алған кезде қандай киім тігілетінін көріп тұрамын", - деді Аида Қауменова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2171964-muldem-tikpegen-adammyn-dizainer-aida-kaumenova-kasibin-zhertoleden-bastaganyn-aityp-zhan-syryn-aqtardy/